Спорт
Тренд

«Спорт министрлігінің ұстанымы президенттің саясатымен сәйкес келе ме?»: Асаубаева тағы да желіні шулатып жатыр

Шахматшы, халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Спорт және туризм министрлігінің ресми жауабына қатысты тағы да шұғыл мәлімдеме жасады. Бұған дейін аталмыш ведомство шахматты «басымдыққа ие емес спорт түріне» жатқандықтан, Асаубаеваның жалақысына қатысты өзгеріс енгізілгенін атап өткен еді. Ала спортшы кезекті мәлімдемесінде бұл тұжырым мүлдем келіспейтінін білдірген, деп хабарлайды tiek.kz.

«Шынымды айтсам, мен бұл сөзді бірнеше рет қайталап оқыдым. Жақында ғана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің стратегиялық бағытын айқындап: «Қуатты ұлт күшті интеллекттен басталады. ХХІ ғасырда басты ресурс шикізат емес, білім болып есептеледі» деді. Егер шахмат басымдық болмаса, онда Президент мені қандай еңбегім үшін «Барыс» ІІ және ІІІ дәрежелі ордендерімен марапаттады? Әлемнің жетекші елдерінде шахмат – спорттан да жоғары дүние» – деп жазды Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ ол Спорт министрлігінің ұстанымы президенттің саясатымен сәйкес келе ме деген мәселе көтерген.

«Шахматқа деген көзқарас – интеллектке деген көзқарас. Ал интеллектке деген көзқарас – елдің болашағына деген көзқарас. Бүгінде мен әлем бойынша бесінші орындамын. Шамасы спорт министрі басқа бағытты ұстанып отыр», – деп атап өткен.

Бұған дейін Шахматшы Бибісара Асаубаева Тоқаевтан көмек сұрап, спорт министрлігінен тиісті қолдау көрмей отырғанын жеткізген еді. Осыдан соң Спорт министрлігі шахматшы Асаубаеваның мәлімдемесіне жауап беріп, шахмат басым спорт түріне жатпайтынын мәлімдеді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button