Спорт
Тренд

Волейбол жарысы кезінде жаттықтырушы шәкіртіне қол жұмсады (ВИДЕО)

Павлодарда волейбол жарысы кезінде шәкіртін ұрған жаттықтырушы Хамит Мырзабеков екі жылға жарыстардан шеттетілді.

Бұл туралы Қазақстан ұлттық волейбол федерациясы хабарлады. Сондай-ақ оған оған жаттықтырушылық және педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынған.

Оқиға 26 қазанда жеке клубтар арасындағы Қазақстан біріншілігінде болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода жаттықтырушы  қызды алаң шетіне шақырған. Қыз жанына келгенде оны басынан бір ұрған.

Белгілі болғандай, Павлодарда 2009 жылы туған және одан кейінгі жастағы қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатының екінші туры өтіп жатқан.

«Қазақстан ұлттық волейбол федерациясының хабарлауынша, жарысты «MYQTYLARORTASY» жеке волейбол лигасы ұйымдастырған. Бұл ұйым федерацияның құрамына кірмейді және турнир оның ұйымдастыруынан тыс өткізілген.

Соған қарамастан федерацияның Тәртіптік комитеті оқиғаны қарап, Хамит Мырзабековті 2 жылға шеттету туралы шешім қабылдаған. Осы мерзімде ол федерация өткізетін жарыстарға ешқандай мәртебеде қатыса алмайды.

Жарысты ұйымдастырған лигаға тиісті бақылау жасамағаны үшін сөгіс жарияланып, айыппұл салынды. Шымкент қаласының волейбол академиясына да сөгіс берілді», — делінген хабарламада.

Павлодарда волейбол жарысы кезінде жасөспірім қызға қол көтерген шымкенттік жаттықтырушының әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Павлодар облысының Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығы анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.

«Волейбол командасының кәмелетке толмаған қатысушысына жаттықтырушының күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Жаттықтырушының әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі», деп хабарлады полиция.

Тергеу барысы полиция басшылығының бақылауына алынған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button