Спорт
Тренд

Тоқаев семсерлесушілерді Әлем кубогындағы жеңісімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Касабланкада өтіп жатқан семсерлесу Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанған Қазақстан құрамасын құттықтады.

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияр хабарлады.

Осы жеңістің нәтижесінде спортшыларымыз Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) рейтингінде алғаш рет бірінші орынға шықты.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылар әлемнің ең айтулы додаларында Қазақстанның көк туын желбірете беруіне тілектес екенін білдірді.

Бұған дейін Қазақстанның ерлер құрамасы Марокконың Касабланка қаласында өткен семсерлесуден әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанған еді. Командалық жарыстың финалында отандастарымыз Ресей құрамасын 45:40 есебімен жеңді.

Бұған дейін қазақстандық семсерлесушілер ширек финалда Мысырдан, жартылай финалда Франциядан басым түскен. Сондай-ақ жарыс барысында Түркия мен Гонконг құрамаларын да жеңді.

Ұлттық құрама сапында Александр Федотов, Кирилл Павлов, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов өнер көрсетті.

Айта кетейік, Қазақстанның ерлер құрамасы 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында да шпагамен семсерлесуден алтын медаль иеленген.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button