«Бұл жағдай — айқын сигнал»: Сабина Алтынбекова жаттықтырушының жас спортшыны ұруына қатысты пікір білдірді
Танымал қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова Павлодардағы жарыс кезінде жаттықтырушының жас спортшы қызға қол жұмсаған даулы оқиғасына қатысты мәлімдеме жасады. Ол Қазақстанның волейбол федерациясын мамандарды қадағалау жүйесін түбегейлі қайта қарауға шақырды, деп хабарлайды Tiek.kz.
«Спортта зорлық-зомбылыққа орын жоқ»
Сабина Алтынбекова спорттағы агрессияның кез келген түрін қатаң айыптайтынын жеткізді. Оның айтуынша, психологиялық қысым (буллинг) да, физикалық зорлық-зомбылық та мүлдем жол берілмейтін құбылыс.
«Физикалық зорлық-зомбылыққа, сондай-ақ буллинг сияқты психологиялық қысымға жол берілмейді. Жаттықтырушыларды, олардың мінез-құлқы мен жұмыс әдістерін мұқият тексеру қажет. Өкінішке қарай, волейболда кейбір жаттықтырушылардың бойында қарапайым мінез-құлық мәдениеті жоқ», — деп атап өтті спортшы.
Жүйелі бақылау мен медициналық қамтамасыз ету мәселесі
Болашақта мұндай жағдайларды болдырмау үшін Алтынбекова федерацияға әр жаттықтырушыны қатаң бақылауға алуды ұсынды. Сонымен қатар, ол спортшылардың денсаулығы мен психологиялық жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, көптеген командаларда психолог түгілі, қарапайым дәрігердің өзі жоқ екеніне назар аудартты. Ол бұл оқиғаның спорттағы бақылау жүйесін толықтай қайта қарайтын уақыт келгенін көрсететін айқын сигнал екенін баса айтты.
Шулы оқиғаның мән-жайы
Еске сала кетейік, 26 қазанда Павлодарда өткен жеке клубтар арасындағы волейболдан Қазақстан біріншілігінде жаттықтырушы Хамит Мырзабеков кәмелетке толмаған шәкіртін алаң шетіне шақырып алып, басынан ұрып жіберген болатын.
Бұл оқиғадан кейін Қазақстан ұлттық волейбол федерациясы Мырзабековті екі жылға жарыстардан және педагогикалық қызметтен шеттетті. Жарысты ұйымдастырушы жеке лигаға мен Шымкенттегі волейбол академиясына қатаң сөгіс жарияланып, айыппұл салынды. Ал Павлодар облысының Полиция департаменті жаттықтырушының үстінен кәмелетке толмаған балаға күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады.
View this post on Instagram



