«Қысымға бола келісімшарт өзгермейді»: министр Шайдоровқа қатысты дауға нүкте қойды

Қазақстанның танымал мәнерлеп сырғанаушысы Михаил Шайдоровтың келісімшартына қатысты туындаған дау толық шешімін тапты. Журналистердің сауалына жауап берген Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов келісімшартқа қол қойылғанын мәлімдеп, түсініспеушіліктің неден шыққанын егжей-тегжейіне дейін түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрдің айтуынша, келісімнің барлық талаптары спортшымен бірге жан-жақты талқыланып, нәтижесінде екі тарап ортақ мәмілеге келген. Сонымен қатар ол құжаттың барлық спортшыға бірдей қолданылатын үлгілік келісімшарт екенін айтып, бір адам үшін оның талаптарын өзгертуге жол берілмейтінін атап өтті.
«Келісімшарт талаптары толық түсіндірілді, құжатқа қол қойылды. Айта кету керек, бұл — барлық спортшыларға ортақ үлгідегі келісімшарт. Ол тек әуесқой спортшыларға ғана емес, өзге де спортшыларға қолданылады. Құжат халықаралық тәжірибе, допингке қарсы ұйымдардың ұсынымдары және Жоғары аудиторлық палатаның талаптары негізінде әзірленген. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының қысымына қарамастан, бір ғана спортшы үшін бөлек келісімшарт жасай алмаймыз. Баршаға ортақ талап пен ортақ тәртіп бар», – деді министр.
Жұртшылық арасында үлкен талқылау тудырған жағдайға кім жауап беретіні жөніндегі сұраққа жауап берген Ербол Мырзабосынов мәселенің туындауына түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілуі себеп болғанын мойындады.
«Біз Михаилмен бірге бұл жағдайды жан-жақты саралап, тиісті қорытынды жасадық. Шынында да, жауапты қызметкерлер мен менеджерлер тарапынан коммуникацияда олқылық кеткен. Келісімшарт талаптары дұрыс әрі толық түсіндірілмегендіктен, осындай жағдай орын алды. Негізгі кемшілік — түсіндіру жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмеуі», – деді ведомство басшысы.
Сөз соңында министр қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарын бұл мәселеге қайта оралмауға шақырып, спортшының жаңа маусымға алаңсыз дайындалуына мүмкіндік беру маңызды екенін айтты.
«Меніңше, Михаил Шайдоровқа қатысты мәселе бүгін толық шешімін тапты. Бұл тақырыпқа нүкте қойған жөн. Енді ол да, басқа спортшылар сияқты, бар күш-жігерін жаңа маусымға дайындыққа жұмылдыруы керек», – деп сөзін түйіндеді Ербол Мырзабосынов.



