
Қазақстанда соңғы жылдары арзан әрі қауіпсіз энергия көздерін іздеу жұмыстары қарқын алып отыр. Әрі бұл елдің стратегиялық даму бағыттарының бірі.
Осы мақсатта энергетикалық теңгерімді жаңғырту және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жұмыстары жүйеленіп, энергия тапшылығын еңсеру және экологиялық талаптарға бейімделу мақсатында елімізде жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытумен қатар, атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі де қоғамдық және сараптамалық деңгейде белсенді талқылануда, деп хабарлайды tiek.kz.
Қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде күн, жел және су электр станцияларының үлесі артып келеді. Дегенмен, бұл көздердің табиғи-климаттық жағдайларға тәуелділігі энергия жүйесіне тұрақты әрі базалық қуат көзін қажет етеді. Осы тұрғыда атом энергетикасы сенімді балама ретінде қарастырылып отыр.
Энергетика және экология тақырыбындағы осындай жиындардың бірінде Құрылтай депутаты Сұңғат Есімханов ESG (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару) стратегиясын жүзеге асырудың өзекті мәселелеріне тоқталып, энергетикалық ауысудың экономикалық тиімділігіне назар аудартты. Депутаттың пікірінше, экологиялық тазалыққа ұмтылу басты міндеттердің бірі болғанымен, бұл мақсатқа қандай экономикалық және қаржылық бағамен жететінімізді де мұқият есептеу қажет. Ол стратегиялық жобалардың тек табиғатқа ғана емес, қоғамның әлеуметтік жағдайына да тиімді болуы шарт екенін атап өтті.
Сонымен қатар, халықаралық ұйымдардың талаптары жайлы сөз қозғаған Сұңғат Есімханов шетелдік сарапшылардың барлық айтқанын бұлжытпай орындай беруге болмайтынын, әрбір шешімді ортақ ұстаныммен, мемлекеттің ішкі ерекшеліктеріне сай сараптау керектігін ескертті. Ал Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты депутат атом энергетикасын қоршаған ортаға зиянды шығарындылары жоқ, таза әрі «жасыл» энергетика қатарына жатқызып, елімізде бұл бағытта қабылданып жатқан шешімді өте орынды әрі уақытылы қадам деп бағалады.
Дегенмен, АЭС құрылысына қатысты қоғамда және эколог-сарапшылар арасында әртүрлі көзқарастар бар. Жобаны қолдаушылар оны энергетикалық тәуелсіздік пен өндірістік қуатты арттырудың кепілі десе, сыншылар радиоактивті қалдықтарды кәдеге жарату, су ресурстарын пайдалану және құрылыс шығындарының тиімділігіне қатысты алаңдаушылық білдіреді.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның болашақ энергетикалық моделі дәстүрлі және баламалы көздерді үйлестіруге негізделмек. Бұл үдерісте экологиялық қауіпсіздік пен экономикалық орындылық арасындағы тепе-теңдікті сақтау басты назарда қала береді.



