Тоқаев: Ауыз суды көлік жууға пайдалану – барып тұрған сорақылық
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында еліміздегі су ресурстарының тапшылығын жою, суды үнемдеу және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселелеріне айрықша тоқталды, деп хабарлайды Tiek.kz.
Суды бақылау және тарифтік реформа
Президент Үкімет пен әкімдіктерге суды пайдалануға қатысты бақылауды күшейтуді жүктеді. Түрлі желілердегі және көлік жуу орындарындағы су шығынын азайтып, ауыз судың жөнсіз пайдаланылуына жол бермеу қажеттігін қатаң ескертті.
«Ауыз суды көлік жууға тұтыну – барып тұрған сорақылық. Судың да сұрауы бар. Менің тапсырмаммен Үкімет су пайдалану саласында ауқымды тарифтік реформаны қолға алды. Оны соңына дейін жеткізу керек. Суды үнемдеп пайдалану бәріне ортақ міндетті қағида болуға тиіс», – деді Президент.
Суды есепке алуды цифрландыру
Су ресурстарын түгелдей әрі дұрыс есепке алу үшін цифрлық құралдарды толыққанды пайдалану маңызды. Бұл жаңа өндірістерді жоспарлау кезінде салмақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкіметке Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру ісін тез арада аяқтауды тапсырды.
Суармалы егіншілік және терең өңдеу
Қасым-Жомарт Тоқаев ірі су көздеріне жақын орналасқан ауқымды жер алқаптарын суармалы егіншілікке пайдалану дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2-2,5 есеге көбейтетінін атап өтті. Жаңа алқаптарды игеруде су үнемдеудің озық тәсілдері мен агрохимиялық технологияларды қолдану қажет, алайда әзірге бұл жұмыстың тиімділігі төмен болып отыр.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісіне баса мән беру керектігі айтылды. Мемлекет басшысы осы бағыттағы табысты жобаларды мысалға келтірді:
-
Қызылорда облысы: Шаруалар қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен табысты айналысуда.
-
Түркістан облысы: Қытайлық компания суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр.
Президент Үкіметке осындай озық тәжірибелерді ел аумағында кеңінен таратуды және инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуді міндеттеді.



