
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков ұсталды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, ол «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген.
Сондай-ақ, Омарбековпен бірге іс бойынша басқа да адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
ҰҚК мәліметінше, Қуаныш Омарбеков пен басқа да күдіктілер 2026 жылғы 23 қарашада ұсталған. Алайда ведомство іс бойынша тағы кімдердің ұсталғанын және олардың нақты санын жариялаған жоқ.
«Олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді», – деп хабарлады ҰҚК.
Бұл іс бойынша Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Аталған бап аса ірі мөлшерде пара беруге қатысты. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге деректері жария етілмейді.
Қазіргі уақытта қамауға алынған «Қазатомөнеркәсіп» оның және тағы бір топ-менеджердің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған. Нақты айтар болсақ, директорлар кеңесінің шешімімен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужиннің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған.
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы оқиғаға байланысты пікір білдірді.
Компанияның хабарлауынша, екі басшының міндеттері басқарма ішінде қайта бөлінген. Ұлттық компания өндірістік және коммерциялық бөлімдердің қызметкерлері толық құрамда жұмыс істеп жатқанын, ал күнделікті қызмет әдеттегі тәртіппен жалғасып жатқанын мәлімдеді. Компания өндірістік және коммерциялық командалардың толық құрамы жұмысын бұрынғыша жалғастыратынын, сондай-ақ барлық бизнес-процестер мен ағымдағы қызмет әдеттегідей тұрақты түрде жүріп жатқанын жеткізді.
“Компанияның бизнес-процесстері дербестігімен ерекшеленіп, жоғары деңгейде жүйеленген, ал бизнестің тұрақтылығы мен үздіксіздігі қалыптасқан жүйе мен әр деңгейдегі кәсіби командалардың арқасында қамтамасыз етіледі. Компания топ-менеджменті акционерлеріміздің күтулеріне сәйкес стратегиялық міндеттерді іске асыруды жалғастырады, ал жоғарыда аталған өзгерістердің Компанияның өндірістік және коммерциялық қызметіне әсер етпейтінін растайды. Компанияның 2026 жылға арналған барлық болжамды көрсеткіштері, сондай-ақ клиенттер алдындағы міндеттемелері толық көлемде сақталады», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, «Қазатомөнеркәсіп» басқарма төрағасы қызметін 2023 жылдың қазанынан бері Мейіржан Юсупов атқарып келеді.
Еске салсақ, 12 қарашада ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отаншиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын растады. ҰҚК мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.



