«Дәл сенің аузыңнан әділдік туралы сөз есту біртүрлі екен»: заңгер Тоқаевтан көмек сұраған экс-шенеунікті орнына қойды

Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек қарамағындағы қызметкерлердің бірін жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлегені үшін кінәлі деп танылып істі болып жатқан Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің бұрынғы төрағасы Данияр Мейрхан туралы жазба жариялады.
Заңгер өз жазбасында Данияр Мейрханның Шымкентте қызмет етіп жүргенде талай былық ұйымдастырып, өзіне бірнеше рет сотқа сүйрегенін атап өткен. Ең сорақысы қарамағында қызметкерлерді арандатып, митингіге шығарған. Кесірінен қаншама адам жұмысынан айырылған.
«Данияр Мейірхан!
Бумеранг өзіңе қайта айналып келді ме?
Осы күннің келетінін білгенмін!
Мына жігіттердің көз жасы жібермеген шығар…
Кезінде осы жігіттерге: «Көтеріліске шығыңдар, Президентке үндеу жасаңдар!» деп тапсырма бергеніңді де ашық айта салуың керек еді….
Дәл 16 желтоқсан күні Полиция департаментінің алдына жиналыңдар, Айгүл Орынбек пен Козачковқа шығыңдар деп, жігіттерді басшылыққа қарсы айдап салғаныңды да ұмытқан жоқ біраз жігіттер.
Соның салдарынан сол жігіттердің басым бөлігі жұмыссыз қалды.
Жігіттерді маған жұмсағаның аздай, өзіңнің заңсыз әрекеттерің әшкереленіп қалмасын деп, менің үстімнен арыз жазып, талай рет қудаладың!
Ал енді келіп “Әділдік” дейсің бе?
“Әділдік” сөзін былғамашы өтініш!
Басқа-басқа, дәл сенің аузыңнан әділдік туралы сөз есту біртүрлі екен.
Адам ең алдымен өз ісіне жауап бере білуі керек. Біреуге ор қазған адам сол орға өзі түсетінін ұмытпау керек!
Шымкенттегі интригаңды Министрлікте істеймін деп ойладың ба? Астана саған Шымкент емес!
Басқа қаладағылар білмейтін шығар, сенің қандай “интригант” адам екеніңді Шымкенттегі біраз полиция қызметкерлері және Мен жақсы білем!
Бас Прокуратура мен ҰҚК сол кезде Данияр Мейірханды неге тексермедіңіздер?», — деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Кеше Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің бұрынғы төрағасы Данияр Мейрхан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған еді.
Экс-шенеунік өзіне тағылған айыпқа еш қатысы жоқ екенін айтып, ведомство басшылығын қысым жасады деп айыптады және сот процесінің әділдігіне күмән келтірген.



