Экология

Қазақстан COP31 конференциясында 34 инвестициялық келісімді таныстырды

Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны ашылды. Жаһандық экологиялық алаңда еліміз халықаралық серіктестермен 34 ірі инвестициялық келісімді таныстырды, деп хабарлайды Tiek.kz.

Салтанатты ашылу рәсіміне Құрылтайдың Аграрлық мәселелер және экология комитетінің төрағасы С. Егізбаев, Халық Кеңесінің мүшелері, сондай-ақ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысты.

Жасанды интеллект және «Құрақ көрпе» философиясы

Биылғы павильонның тұжырымдамасы «Заман сабақтастығы: өткен уақыт, бүгін және болашақ» деп аталады. Аумағы 250 шаршы метрді құрайтын ашық үлгідегі көрме Қазақстан даласының кеңдігін бейнелейді.

Павильонның басты ерекшеліктерінің бірі – цифрлық гид қызметін «Үміт» және «Амур» есімді тұран жолбарыстарының бейнесіндегі жасанды интеллект атқарады. Олар халықаралық қонақтарға еліміздің экологиялық жобаларын бірнеше тілде таныстырады.

Сонымен қатар, ресурстарды ұқыпты пайдалану идеясы «Құрақ көрпе» арт-инсталляциясы арқылы көрініс тапқан. Бұл ұлттық дәстүр заманауи Zero Waste (қалдықсыз өндіріс) тұжырымдамасымен тамаша үндесіп отыр.

Қазақстанның басты экологиялық жетістіктері

Экспозицияда еліміздің биоалуантүрлілікті сақтау мен экожүйелерді қалпына келтірудегі нақты нәтижелері көрсетілді:

  • «Іле-Балқаш» резерватында тұран жолбарысын табиғи ортаға қайта жерсіндіру жобасы;

  • Киік популяциясының санын дағдарысты 21 мыңнан рекордтық 4,7 миллион басқа дейін көбейту;

  • Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру және құрғаған теңіз табанында сексеуіл ормандарын өсіру.

Жасыл технологиялар және инвестициялар

Ұлттық павильонда экономиканы экологиялық жаңғыртуға арналған заманауи технологиялар да таныстырылуда. Олардың қатарында метан шығарындыларын бақылайтын KazMethane MRV ұлттық цифрлық платформасы мен «Орталық Азияның жасыл қалқаны» өңірлік фитомелиорация бағдарламасы бар.

Конференция аясында Қазақстан павильонында 38 тақырыптық іс-шара өтеді. Басты назар климаттық қаржыландыруға, өнеркәсіпті декарбонизациялауға, энергетикалық көшуге және Қазақстанның климаттық инвестициялық платформасына (QCIP) аударылмақ.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров бұл жиынның стратегиялық маңызына тоқталды:

«Біз бұл алаңды пікір алмасу кеңістігі ретінде ғана емес, ең алдымен, диалогтан нақты іс-қимылдар мен өлшенетін нәтижелерге көшу мүмкіндігі ретінде қарастырамыз. Бүгінде алдымызда климаттық міндеттемелерді нақты жобаларға, инвестицияларға және технологиялық шешімдерге айналдыру жөніндегі ортақ міндет тұр. Қазақстан жаңа әріптестік орнатуға және технологиялық ынтымақтастықты дамытуға әрдайым ашық».

Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button