Қоғам

Енді университетті үш жылда оқып бітіруге болады

Қазақстанда студенттер бакалавриатты төрт жыл емес, үш жылда оқып, аяқтай алады, деп хабарлады 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасы.

Бірақ бұл жаңашылдық барлық мамандыққа қатысты емес.

“Бұл енді тек қана механикалық өзгеріс деп түсінбеу керек. Жалпы 3 жылдыққа көшуді. Бұл енді уақытты тиімді пайдалану. Сондай-ақ, академиялық кезеңдерді де тиімдірек пайдалану үшін жоғары оқу орындары көшіп жатыр. Мұнда ескеретін жайт демалыс уақыты аздау болады. Сабақтары ертерек басталады деген сияқты. Әр жоғары оқу орнының өзінің дербес шешіміне байланысты көшіп отыр”, – дейді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есінбаева.

Бірақ оқу мерзімі қысқарғанымен білім бағдарламасының көлемі азаймайды. Студент үш жылда 240 академиялық кредитті игеруі керек. Ал кейбір бағыттарда 300 кредит қажет.

Қазір елімізде 16 мыңнан астам студент үш кезеңге бөлінген триместрлік жүйемен оқиды. Ол ақпараттық технологиялар, бағдарламалау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, деректерді талдау, бизнес-аналитика және маркетинг сияқты бағыттарда қолданылады. Ал медицина, ветеринария, педагогика және архитектура мамандығында оқып жатқандар қысқартылған білім жүйесіне ілінбейді. Себебі бұл салаларда теориямен қатар ұзақ тәжірибелік дайындық қажет.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button