
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен жүр.
Мемлекет басшысын Анкара қаласындағы Этимесгут әуежайынан Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның өзі күтіп алды.
Қазақстан президентінің келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеді.

28-30 қазан күндері Анкарада мемлекеттер басшылары кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған келіссөздер жүргізеді.

Анкарадағы президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқаны үшін Түркия президентіне алғыс айтып, әріптесі мен барша түрік халқын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.

Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті екенін растады.
“Мемлекеттер басшылары мәңгі достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайту перспективасына айрықша назар аударылды”, – делінген Ақорданың хабарламасында.
Сондай-ақ президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты
Тоқаев Анкарада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысады.


