Қоғам

«Жауаптылар жазалануы керек»: Түркістанда психиатриялық мекемеде 37 күн болған фельдшер сотқа жүгінді

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы Түркістан облысының тұрғыны Мұхаммад Өмірбектің жеке шағымын қанағаттандырып, бірінші сатыдағы соттың талап қою арызын қайтару туралы ұйғарымының күшін жойған. Тоғыз айдан бері сот арқылы әділдік іздеп жүрген Мұхаммад Өмірбек осы уақыт ішінде талап қою арызын 10 рет бергенін Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Өмірбектің сөзінше, апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың ұйғарымын жойып, істі мәні бойынша қарау үшін қайта жолдаған. Енді оның талап қою арызы әкімшілік сотта Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) тәртібімен қаралуға тиіс.

«Негізі, бұл даумен жүргеніме тоғыз ай болды. Осы уақыт ішінде талап қою арызымды 10 рет өткіздім. Бір істің соңынан бір арыз жазып, әділдік іздеп келемін. Апелляциялық сот жекеше шағымымды қанағаттандырып, бірінші сатыдағы соттың талап қою арызымды қайтару туралы ұйғарымының күшін жойды. Ісімді мәні бойынша қарау үшін қайта жолдады. Мен үшін бұл – тоғыз айға созылған күрестегі маңызды қадам», – деді Мұхаммад Өмірбек.

Неліктен бірінші сот талап арызды қайтарған?

Мұхаммад Өмірбектің айтуынша, бірінші сатыдағы сот жауапкерді әкімшілік орган емес және тараптар арасында жария-құқықтық қатынас туындамаған деп есептеп, талап қою арызын қайтарған.

Алайда Өмірбек бұл шешіммен келіспей, жеке шағым түсірген.

«Апелляциялық сот менің уәждерімді тыңдап, іс материалдарына тіркелген құжаттарды зерттеді. Мен өз дәлелдерімді толық жеткіздім. Нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың ұйғарымының күші жойылып, іс мәні бойынша қарауға қайта жолданды. Енді талап қою арызым сот өндірісіне қабылданып, негізгі талаптарым қаралады деп күтемін», – деді ол.

Психиатриялық диагнозды сотта дауламақ

Өмірбек соттан Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты Облыстық психикалық денсаулық орталығының оны ауруханаға жатқызуға байланысты әрекетін заңсыз деп тануды сұрап отырғанын айтты. Оның сөзінше, 2025 жылғы 18 желтоқсанда оған «нақтыланған сандырақты бұзылыс (F22.0, МКБ-10)» диагнозы қойылған.

«Соттан осы диагнозбен ауруханаға жатқызу әрекетін заңсыз деп тануды және мені психиатриялық диспансерлік есептен шығаруды міндеттеуді сұрап отырмын», – деді ол.

Мұхаммад Өмірбек кейін Астанада тәуелсіз сот-психиатриялық сарапшылардың тексеруінен өтіп, қорытынды алғанын жеткізді. Ол бұл құжатты соттағы негізгі дәлелдерінің бірі деп санайды.

«Сот қосымша кешенді комиссиялық сот-психиатриялық сараптама тағайындауы мүмкін. Мен сараптамадан өтіп, денімнің сау екенін дәлелдеуге дайынмын. Сараптаманы Оңтүстік Қазақстанда емес, Қарағанды немесе Павлодар облысында өткізуді сұрап, өтінішхат беремін», – деді Өмірбек.

«Тоғыз ай бойы әділдік іздеп келемін»

Өмірбектің айтуынша, ол психиатриялық мекемеде 37 күн еркінен тыс болған. Ол бұл жағдайға психикалық денсаулық орталығының медицина қызметкерлері, сондай-ақ өзін мекемеге жеткізген полиция және жедел жәрдем қызметкерлері жауапты деп есептейді.

Егер соттағы негізгі дау оның пайдасына шешілсе, Өмірбек аталған тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуін талап етуді, сондай-ақ моральдық зиян мен сот шығындарын өндіріп алу мәселесін көтеруді жоспарлап отыр.

Апелляциялық сот шешімінен кейін ол істі қараған судья мен өзіне құқықтық көмек көрсеткен мамандарға да алғыс білдірді.

«Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағалық етуші судьясы Калдиева Луара Нурмаханбетовнаға ерекше алғысымды білдіремін. Сот отырысында маған жеткілікті уақыт бөліп, өз уәждерімді толық жеткізуіме мүмкіндік берді. Сөзімді бөлмей, барлық уәжімді мұқият әрі сабырмен тыңдағанын жоғары бағалаймын. Тоғыз ай бойы әділдік іздеп жүрген азамат ретінде бұл мен үшін маңызды болды», – деді ол.

Өмірбек адвокаты Ақмарал Джаркенова мен заңгер Темірлан Ахметовке де ризашылығын жеткізді.

«Ақмарал Джаркенова құқығымды қорғап, қиын сәттерде жанымнан табылып, қолдау көрсетіп келеді. Темірлан Ахметов осы уақытқа дейін маған ақысыз заң кеңесін беріп, құқығымды қорғау жолында бағыт-бағдар көрсетті. Екеуіне де алғысым шексіз», – деді Мұхаммад Өмірбек.

Ол тоғыз айға созылған даудың мұнымен аяқталмағанын атап өтті.

«Әділдікке деген сенімім ешқашан сөнбейді. Алла қаласа, ақиқат ашылып, ісім әділ қаралып, заңды шешім шығатынына үміттенемін. Алда әлі талай жұмыс бар. Әділдікке жету жолындағы күресім жалғасады. Соңына дейін барамын», – деді ол.

Еске сала кетейік, Мұхаммад Өмірбек бұған дейін Түркістан облысында бес жыл фельдшер болып жұмыс істегенін және медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтарына қатысты мәселелерді көтергенін айтқан. 2025 жылғы қарашада ол медицина қызметкерлерінің жалақысы, зейнет жасы, баспана және еңбек құқықтарына қатысты мәселелер талқыланатын «103 Қазақстан» WhatsApp тобын ашқан.

Өмірбектің айтуынша, кейін ол полиция қызметкерлерінің қатысуымен психиатриялық мекемеге жеткізіліп, онда 37 күн еркінен тыс болған. Ол өзіне психиатриялық диагноз қойылғанын айтып, бұл шешіммен келіспейді.

Кейін Өмірбек Астанада тәуелсіз сот-психиатриялық сараптамадан өтіп, психикалық ауытқу анықталмағаны туралы қорытынды алғанын мәлімдеді. Осыдан кейін психиатриялық мекемеге жатқызылуы мен өзіне қойылған диагнозды сот арқылы даулауға кіріскен.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button