«Халықтық құрылыс» бағдарламасы жүзеге асып, байларға салық көбейеді: Тоқаевтың Жолдауында не айтылды?

Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда еліміздің саяси жүйесін, экономикасы мен әлеуметтік саласын түбегейлі жаңартуға арналған бағдарлы міндеттер аталып өтілді.
Жаңа конституция саяси жүйені жаңғыртуға жол ашты
Президент Қазақстан халқына Жолдауында жаңа Конституцияның тарихи маңызына тоқталды. Президенттің сөзінше, наурыз айында қабылданған жаңа Конституция Қазақстанның бүгінгі болмысы мен болашақ даму бағытын айқындады. Халық қолдаған Ата заң 1 шілдеде күшіне еніп, саяси жүйені түбегейлі жаңғыртуға және жаңа билік институттарын құруға негіз болды. Бұл елде тарихи өзгерістер жүріп жатқанын және азаматтардың мемлекетті жаңарту жұмысына белсенді кіріскенін көрсетеді.
Бірлік пен келісімсіз ешқандай реформа болмайды
Президент елдің тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға қатысты мәселелер әлі толық шешілмегенін мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы әлеуметтік-экономикалық міндеттерді орындау үшін қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау қажет екені әрі әлемдегі ықпалды мемлекеттер арасында өзара сенім дағдарысы тереңдеп, халықаралық құқықтың беделі төмендегеніне назар аударды.
Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс
Қазақстанның барлық өңірінде әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы жандануы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осындай міндет қойды. Мемлекет басшысы азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын дамытуға басымдық берілетінін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуы қажет. Бұл жекелеген жобалармен шектелмей, барлық аймақты қамтуға тиіс.
Президент әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен орта және ұзақ мерзімді даму жоспары болуы қажеттігін айтты. Сонымен қатар Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс. Бұл қалалық ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымды жаңғыртуға 6,5 трлн теңге бөлінеді
Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғыртуға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Оның аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады.
Президент Халықаралық валюта қорының болжамына сүйеніп, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 млрд долларға жуықтайтынын, жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асатынын айтты. Ел экономикасы көлемі жағынан әлемде 47-орынға көтеріледі деген болжам бар. Ал өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 14%-дан, алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтері 130 млрд доллардан асқан.
Ұлттық қор қаржысы болашақ ұрпақ игілігіне жұмсалуы тиіс
Ұлттық қордың басты міндеті – ел байлығын сақтап, көбейту және оны қазіргі әрі болашақ ұрпақтың игілігіне жарату. Мемлекет басшысының айтуынша, Ұлттық қор көптеген жыл бойы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Президент келешек ұрпақтың мүддесін қорғау үшін бүгіннен бастап нақты әрі батыл шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды, әрқайсысы дер кезінде шешілуге тиіс. Тоқаев кейінгі буынға өркениетті, дамыған және жаңарған мемлекет қалдыруды қазіргі ұрпақтың басты міндеті әрі жауапкершілігі деп атады.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы жүзеге асады
«Халықтық құрылыс» атты ауқымды инфрақұрылымдық бағдарлама жүзеге асырылады. Оның аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға қомақты қаржы бөлініп, көптеген елді мекенге газ бен таза ауыз су тартылады. Мемлекет басшысы Үкіметке жыл соңына дейін барлық өңірді қамтитын нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуді тапсырды.
Өңірлерінде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Жаңа нысандардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше қажеттілігі бар балаларға бейімделген спорт залдары бар.
Бұдан бөлек, елімізде 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады.
2027 жыл «Жалпыхалықтық құрылыс жылы» деп жарияланады
Мемлекет басшысы облыс орталығында, аудандар мен елді мекендерде азаматтық инфрақұрылымды жаңарту қажеттігін айтты. Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен денсаулық сақтау мекемелерін салу және жөндеу көзделген. Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысына да көңіл бөлінуі тиіс. Сонымен қатар еліміздің барлық өңірінде шығармашылық үйлерін, спорт кешендерін, кітапханалар мен ғылыми орталықтарды салу ұсынылды.
Тұрғын үй құрылысы да маңызды міндет болып қала береді.
Қазақстан Еуразияның ірі логистикалық орталығына айналуы тиіс
Мемлекет басшысының айтуынша, 2027 жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылып, Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 млн тоннаға артады.
Ал биыл тамызда құрылысы басталған «Арал – Каспий» күре жолы Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1000 шақырымға қысқартып, жүк жеткізу уақытын үш күнге дейін азайтады.
Президент Қытайдан Еуропаға Қазақстан аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының үлесі шамамен 85% екенін атап өтті.
Елдегі барлық автожолдың сапасына үкімет жауап береді
Президент жол сапасына қатысты жауапкершілікті бір-біріне ысыра беруді тоқтатуды талап етті. Президент республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың барлығын Көлік министрлігінің жауапкершілігіне беруді тапсырды.
Мемлекет басшысының айтуынша, республикалық жолдар елдегі автожол желісінің шамамен 26%-ын ғана қамтиды, ал қалғаны әкімдіктердің қарамағында.
Тоқаев Қазақстан арқылы өтетін автомобиль транзитінің жартысынан астамы шетелдік тасымалдаушыларға тиесілі екенін айтып, отандық кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін атап өтті. Президент жол құрылысының сапасыздығын битум немесе қиыршықтас мәселесімен ақтауға болмайтынын ескертті.
Астанада жаңа әуежай салынады
Астанада 2027 жылы жаңа әуежайдың құрылысы басталады. Мемлекет басшысының айтуынша, жобаға авиация саласындағы әлемдік ірі компаниялардың бірі тартылады.
Қазір елімізде бірнеше әуежай қатар салынып жатыр. Президент мұндай ауқымдағы құрылыс Қазақстан тарихында бұрын болмағанын атап өтті. Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Ал Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайлары жақын арада пайдалануға беріледі.
Электр энергиясын көрші елдерден қымбатқа сатып алуды доғару керек
Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы жыл сайын қайталанып, жаңа энергетикалық нысандарды іске қосу мерзімі кешігіп жатыр. Мемлекет басшысының айтуынша, қыс мезгілінде тұтыну шарықтаған кезде Қазақстан көрші елдерден электр энергиясын жоғары бағамен сатып алады. Ал жазда оны әлдеқайда арзан бағамен қайтарады.
Президент мұндай тәжірибе ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқанын сынға алды. Балқашта жылу электр орталығының басталған құрылысы тоқтап тұр. Сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұзда жаңа энергия өндіру қуаттарын іске қосу мерзімі кешігіп жатыр. Қазақстан 2029 жылға қарай электр энергиясының артық қорын қалыптастыруы тиіс.
«Балқаш» АЭС-інің құрылысы 2027 жылы басталады
Президент уранның мемлекеттік стратегиялық қорын құруды ұсынды. Сондай-ақ, «Мойынқұм» АЭС-ін салу үшін келісім жасасу мәселесіне тоқталды. Айтуынша, инфрақұрылымды жаңғыртуға жеке инвестиция тарту қажет. Мемлекеттік қаржысына қарауды қою керек.
Ұлттық қор есебінен импортты қаржыландыруға болмайды
Ұлттық қор қаражатын импортты қаржыландыруға жұмсауға болмайды. Мемлекет басшысының айтуынша, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкциялары мен инженерлік жабдықтарды Қазақстанда өндіруге басымдық берілуі тиіс.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату жүйесін жетілдіру қажет. Ірі кәсіпорындар мен шағын шаруашылықтар агрологистика орталықтарының қызметін кедергісіз пайдалана алуы керек. Президент Үкімет пен «Бәйтерек» холдингіне осы бағытта нақты шешімдер қабылдауды тапсырды.
Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 15 трлн теңгеге жетті. Тамақ өнеркәсібінде 500 млрд теңгеден асатын жобалар әзірленді. Отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін арттыру қажет.
Тоқаев инвестиция тарту жүйесін өзгертуді ұсынды
Президент инвестиция саласына «Бәйтерек» холдингіне жүктеу туралы сөз етті. Мемлекет басшысының айтуынша, қазір инвесторларды тарту және қолдау жұмысында бірізділік пен үйлесімділік жоқ. Бірнеше мемлекеттік органға бірдей өкілеттік берілгендіктен, жауапкершілік нақты бөлінбеген.
Ал Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрліктері инвестицияға қатысты жекелеген міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.
Қазақстанда орта бизнесті дамытудың арнайы жоспары әзірленеді
Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 40%-ға жетті. Кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы сауда саласында жұмыс істейді. Сондықтан Президент шағын бизнесті әртараптандырып, өндірістік бағыттарды дамыту қажеттігін атап өтті. Үкімет әзірлейтін жоспарда орта кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру және технологиялық жаңғырту тетіктері қамтылуы тиіс. Сонымен қатар орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тікелей жұмыс істеуіне және өз өнімдерін өткізуіне қолайлы жағдай жасау тапсырылды.
Бизнесті тексеруге 3 жылдық мораторий енгізілуі мүмкін
Президент отандық өндірушілерге жасалатын кедергілерді сынға алып, бизнеске заңсыз кедергі жасауды тоқтатуды талап етті.
Мемлекет басшысының айтуынша, биылғы алғашқы жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан анықталған заңбұзушылықтар 34%-ға азайған. Алайда айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 11%-ға өсіп, жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқан. Президент 2020–2023 жылдардағы мораторий тәжірибесін ескеруді ұсынды. Оның пікірінше, бұл қадағалау жүйесін қайта қарап, цифрлық реттеуге көшуге мүмкіндік береді.
Президент мораторийді 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастауды ұсынды
Тоқаев инфляцияны төмендетуді талап етті
Президент бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдегенімен, инфляция әлі де жоғары деңгейде екенін атап өтті. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк бағаның өсуін тежеу үшін бірлескен шаралар қабылдауы қажет.
Мемлекет басшысының сөзінше, соңғы жылдары бюджет және салық жүйесі толық қайта қаралған. Алайда мемлекеттік саясаттың нәтижесі ең алдымен азаматтардың әл-ауқаты мен экономикалық белсенділігі арқылы бағалануы керек.
Сонымен қатар Үкіметке бюджет және салық саясатын байыпты жүргізу, өндірістік әлеуетті күшейту және кәсіпкерлердің еңбек өнімділігін арттыруына қолайлы жағдай жасау міндеті қойылды.
Бюджет шығындарын жасанды интеллект бақылайды
Президент тиімсіз шығындарды азайту үшін жаңа технологияны ұсынды.
Осылай деп атап өткен Президент Мемлекеттік қазына жүйесін толық цифрландыруды тапсырды
Байларға салынатын салық мөлшерлемесі өсуі мүмкін
Президент ірі байлық иелеріне жоғары салық енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл бастама заңды жолмен алынған мүлік пен активтерге шектеу қоюды көздемейді. Мұндай әрекет Конституцияға қайшы болар еді. Президент әр азаматтың ел дамуына қосатын үлесі оның қаржылық мүмкіндігіне сай болуы керек деп санайды.
Осы мақсатта Үкімет пен Құрылтай тиісті ұсыныстар әзірлеуі тиіс. Сонымен қатар салық жүйесін толық цифрландыру қажеттігі айтылды. Тоқаев салық түсімдерін арттыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту және жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін жасанды интеллект пен озық технологияларды кеңінен пайдалануды ұсынды.
Президент салық жүйесі кәсіпкерліктің дамуына, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кедергі болмауы тиіс екенін атап өтті.
Әлеуметтік көмек тек шын мұқтаждарға берілуі тиіс
Мемлекеттік әлеуметтік көмек тек шын мұқтаж азаматтарға берілуі тиіс. Президент Үкіметтің басты міндеттерінің бірі осы екенін айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзгерістер қоғамда қызу талқыланып жатыр. Сондықтан кез келген реформа азаматтардың жағдайын ескере отырып, жан-жақты зерттелгеннен кейін ғана жүзеге асырылуы қажет. Президент әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері мен ақпараттық жүйелерін алдын ала мұқият тексеруді тапсырды. Атап айтқанда, жаңа жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі дәлелденген соң ғана бүкіл елге енгізуді ұсынды. Тоқаев әлеуметтік мемлекеттің басты мақсаты азаматтарды жәрдемақыға тәуелді ету емес, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті. Сондай-ақ адам капиталын дамытуға және өскелең ұрпаққа қолайлы жағдай жасауға басымдық берілетінін айтты.
Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өседі
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 25 мың теңгеге артады. «Біз жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын.
Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс. Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді», — деді Президент.
77 мыңнан астам медицина қызметкерінің жалақысы 40%-ға дейін өседі
«Сондай-ақ біз алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту ісіне ерекше мән береміз. Осы тұрғыдан алғанда, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды.
Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Тоқаев.
Мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі өзгереді
Мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі реформалау қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осындай міндет қойды. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін елдің саяси жүйесі толық жаңғырды. Соған сәйкес мемлекеттік органдардың алдында тұрған міндеттер де күрделене түсті. Президент Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі басқару құрылымын қайта қарау қажеттігін атап өтті. Реформаның басты мақсаты – мемлекеттік аппараттың және әрбір қызметшінің жұмыс тиімділігін арттыру.
Сонымен қатар билік органдары цифрлық дәуірдің талаптарына бейімделіп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануы тиіс. Тоқаев мемлекеттік мекемелердің бастамашылдығын арттырып, өз бетінше шешім қабылдауына жағдай жасау қажеттігін айтты.



