Оқиға

«Теңіз қателікті кешірмейді»: Әскери-теңіз күштерінің экс-бас қолбасшысы Каспийдегі қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірді

Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің экс-бас қолбасшысы, вице-адмирал Жандарбек Жанзақов Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты пікір білдірді. Ол Tiek.kz редакциясына берген эксклюзивті сұхбатында дауыл кезіндегі басшылықтың әрекетіне баға берді.

Қорғаныс министрлігі қайғылы оқиғаға қатты жел себеп болғанын мәлімдеген еді. Алайда бұрынғы бас қолбасшының пікірінше, ауа райы бұзылған жағдайда оқу-жаттығу жетекшісі дереу тиісті шешім қабылдауы тиіс болған.

«Бейбіт күнде адам өмірін қатерге тігуге болмайтын еді»

Жандарбек Жанзақов қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айта отырып, бұл бүкіл Қарулы Күштер үшін үлкен трагедия екенін жеткізді.

«Ауа райы теңіз десантын түсіруге тікелей әсер етеді. Бірақ тапсырманы орындау барысында күн райы күрт бұзылса, оқу-жаттығу жетекшісі оны тоқтатып, басқа күнге ауыстыруы немесе мүлдем болдырмауы міндетті еді. Бұл – бейбіт жағдайдағы, яғни ұрыс емес жағдайдағы жеке құрамның жаттығуы. Мұнда адамдардың өмірін қатерге тігуге үзілді-кесілді тыйым салынады», – дейді экс-бас қолбасшы.

Бұйрық пен жауапкершілік

Әлеуметтік желілерде сарбаздарға дауылға қарамастан теңізге секіруге тікелей бұйрық берілгені туралы ақпарат тарады. Вице-адмиралдың сөзінше, мұндай оқу-жаттығуларда барлық бұйрықтар жарғы мен нұсқаулыққа сай беріледі.

«Бұйрықтар нұсқаулыққа сай берілгеніне күмәнім жоқ. Бірақ мәселе басқада: ауа райының бұзылғанын көре тұра, басшы жаттығуды тоқтату туралы шешім қабылдауы керек еді. Ол сол сәтте метеоболжамды қаншалықты білгенін дөп басып айта алмаймын. Қылмыстық істің нәтижесін күтейік, онда кімнің неге жауапты болғаны және кімнің кінәлі екені қадам-қадамымен анықталады деп сенемін. Кінәлілер міндетті түрде жазасын алады», – деп атап өтті ол.

«Командирдің шеберлігі – жағдайды бақылауда ұстау»

Спикердің айтуынша, теңізде ауа райы кез келген секундта өзгеруі мүмкін. Сондықтан жағдайды, оның ішінде теңіз толқынын, желдің күшін, бағыттардың қауіпсіздігін үздіксіз бақылауда ұстау – тікелей басшылықтың міндеті.

«Адамдардың өмірі командирдің қабылдаған шешімдеріне тікелей байланысты. Өкінішке қарай, бүгін адамдардан айырылып қалдық. Жоғалған өмірді қайтара алмасақ та, бұл үшін біреу жауап беруі тиіс. Теңіз дөрекі қателікті кешірмейді. Теңізде жұмыс істеу үшін үнемі жаттығып, техниканы пайдалану ережелерін қатаң сақтап, ауа райы болжамын міндетті түрде ескеру қажет. Бұл – санасатын өте қауіпті стихия», – деді Ж. Жанзақов.

Соңғы ресми деректер: 12 адам қаза тапты

Қазіргі уақытта қайғылы оқиға орнында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басшылығымен үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Нақтыланған соңғы мәліметтер бойынша:

  • Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде дауыл салдарынан 17 әскери қызметшіні теңіз ағызып әкеткен.

  • Олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды.

  • Тағы екі сарбаздың тағдыры әлі белгісіз.

Қанат Бозымбаев іздестіру-құтқару операциясын барлық күштер мен құралдарды жұмылдыра отырып, тәулік бойы жүргізуді тапсырды. Қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты материалдық көмек көрсетіледі. Төтенше жағдайдың себептерін тергеу жалғасуда.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button