Әскердегі жаңа тәртіп: сарбаздарға телефон ұстауға рұқсат берілді

Қазақстан Қарулы Күштерінде ұялы телефондарды пайдалану қағидалары жаңартылды. Қорғаныс министрлігі техникалық құралдарды, соның ішінде мобильді құрылғыларды енгізу, шығару және қолдану тәртібіне өзгерістер енгізді, деп хабарлайлы tiek.kz.
Жаңа ережеге сәйкес, сарбаздар, курсанттар мен кадеттер енді ұялы телефондарды әскери бөлім аумағына (казармаға) өшірулі күйде алып кіріп, қайта алып шыға алады.
Сондай-ақ телефондарды өз бөлімшесінің ішінде, яғни казармада, сондай-ақ әскери госпитальдар мен медициналық мекемелерде пайдалануға рұқсат етілді.
“Ұялы телефондарды пайдалану уақыты әр бөлімде командирлер тарапынан белгіленеді. Әдетте, бұл уақыт жауынгерлік дайындыққа және сабақтарға кедергі келтірмейтін жеке уақытпен шектеледі”, – делінген ведомство хабарламасында
Айта кетейік, бұған дейін әскери қызметшілер тек қарапайым батырмалы телефондарды ғана және қатаң шектеулі уақытта қолдана алатын.
Жаңа өзгерістер сарбаздардың тұрмыс жағдайын жақсартып, олардың жақындарымен байланыста болуына мүмкіндік беруді көздейді.



