АЭС құрылысына 10 мыңға дейін маман қажет

Қазақстанда атом электр станцияларын салуға байланысты кадрларға сұраныс артады. Мәліметке сәйкес, тек құрылыс кезеңінде 10 мыңға дейін адамды тарту жоспарланып отыр. Оның ішінде 3 мыңнан астамы техникалық мамандық иелері болады. Ал станцияны пайдалану кезінде бір АЭС шамамен 2 мың адамды жұмыспен қамтиды. Оның ішінде 600-ге жуық жоғары білімді маман, 550 орта буын қызметкер және 850 білікті жұмысшы қажет болады.
Осыған байланысты елде техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары жаңартылып жатыр. Әсіресе турбиналық жабдық машинисі, электрмонтер, АЭС жабдықтарын монтаждаушы және техник мамандарды даярлауға басымдық берілуде.
Сонымен қатар жоғары оқу орындарында атом энергетикасына арналған қолданбалы бакалавриат бағдарламалары енгізілуде. Жаңа бағыттар бойынша реактор жабдықтарын қауіпсіз пайдаланатын операторлар даярлау да көзделген. Сарапшылардың бағалауынша, атом энергетикасындағы бір жұмыс орны экономиканың өзге салаларында қосымша он жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Стратегияны іске асыру аясында шағын модульдік реакторлардың (ШМР) ұлттық жағдайларда қолданылу мүмкіндігіне техникалық-экономикалық талдау жүргізу жоспарлануда. Бұл ретте өңірлік ерекшеліктер, сенімділік талаптары және жобаның экономикалық тиімділігі ескерілетін болады.
Сондай-ақ ШМР әзірлеу және жобалау бойынша ғылыми-зерттеу қызметіне қатысу көзделген.
Бұдан бөлек, ШМР орналастырудың басым аудандарын айқындау жоспарлануда. Олардың қатарында энергия тапшылығы бар өңірлер, электр желілік инфрақұрылымы әлсіз дамыған аймақтар, сондай-ақ ескірген жылу электр станцияларын алмастыру мүмкіндігі қарастырылады.



