«Ол түпнұсқа»: Меруерт Өтекешева Баян Алагөзованың қолына түскен «Қыз Жібек» камзолының шындығын айтты
Баян Алагөзованың гардеробынан табылған «Қыз Жібек» фильміндегі камзолға қатысты дау жаңа деректермен толығып жатыр. Журналист Гүлбану Әбенова басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешевамен хабарласып, тарихи костюмнің тағдыры туралы актрисаның өзі не ойлайтынын білді, деп хабарлайды tiek.kz.
Жан-жаққа тарап кеткен реквизит
Әңгіме барысында белгілі болғандай, Баян Алагөзова «гардеробымдағы ең құнды зат» деп атаған камзол шынымен де түпнұсқа екен.
«Меруерт Өтекешева Баянның қолындағы камзолдың түпнұсқа екенін растады. Ол кезінде көптеген реквизиттер мен костюмдердің жан-жаққа тарап кеткенін айтты. Музейде сақталған жалғыз ғана нұсқасы бар екен, бірақ оның сөзінше, оған да дұрыс күтім жасалмай отыр. Ал бұл камзол осы уақытқа дейін біреудің үйінде сандықта жатқан», – деп жазды Әбенова өз парақшасында.
«Камзол туралы емес, мен жайлы айтыңдар»
Бір қызығы, Меруерт Өтекешева бұл жәдігердің нақты қайда – музейде ме, әлде жеке коллекцияда ма – сақталуы керек екеніне пікір білдіруден бас тартты. Камзол төңірегіндегі шу оған аса ұнамайтын көрінеді.
Актрисаның пікірінше, қоғам ең алдымен оның өзі жайлы айтуы керек, себебі аты аңызға айналған фильмде ойнағандардың ішінен тірі қалған жалғыз өзі. Сондай-ақ, журналист мынадай қызықты байқауымен бөлісті:
«Миллиардердің әйелі (Баян Алагөзова – ред.) мерейтойын тойлап береді дегенге үміттеніп отырған сияқты әсер қалдырды. Осы жылдың ақпанында Меруерт ханым 75-ке толды», – деп атап өтті Гүлбану Әбенова, қазақ кино өнерінің дамуына зор үлес қосқан актрисаға зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілей отырып.
Жеке сандықтардан бәрін қайтару
Еске сала кетейік, дау осыдан бірнеше күн бұрын Баян Алагөзова атышулы қызғылт камзолды киіп мақтанған кезде тұтанған болатын. Наразылық білдірген қазақстандықтар оның бұл киімді киюге құқығы жоқ екенін айтып, жәдігерді Ұлттық музейге алуды талап етті. Продюсердің өзі хейтерлерге қатаң жауап қатып, 50 жыл бойы бұл костюм ешкімге керек болмағанын және оны қоқысқа тасталудан «бір жанашыр әйел» аман алып қалғанын мәлімдеді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік мүліктің жеке қолға қалай өтіп кеткеніне қатысты тексеруді бастап та кетті. Алайда журналист Гүлбану Әбенова министрлік ауқымдырақ әрекет етуі керек деп санайды:
«Меніңше, Мәдениет министрлігі бұл істі өз қолына алып, қазір біреулердің сандықтарында шаң басып жатқан фильмнің барлық реквизиттері мен костюмдерін жинау жөнінде бастама көтеруі керек».



