Заң үстемдігі
Тренд

«Тоғыз адамның өмірін жалмаған жарылыс»: Тұрмыстық газ баллондарын толтыру тәртібі өзгеретін болды

Соңғы уақытта елімізде газ баллондарының жарылуынан болған қайғылы жағдайлар жиілеп кетті. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі өзге де салалық ведомстволармен бірлесіп, газ баллондарын пайдалану мен толтыру саласына түбегейлі өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды tiek.kz.

Ескі баллондар жаңасына ауыстырылады

Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Рамиль Камаловтың айтуынша, негізгі мәселенің бірі — халық пайдаланып жүрген газ баллондарының тым ескіруі. Қазіргі қолданыстағы баллондардың көбі 60-70-ші жылдардан қалған, яғни әбден тозған.

«Елімізде отандық газ баллондарының өндірісін жолға қою мәселесі қарастырылуда. Уақыт өте келе тозған қор толықтай жаңа баллондармен алмастырылуы тиіс», — дейді ол.

Сондай-ақ газ құю бекеттеріне қатаң талап қойылатынын атап өтті.

«Көліктерге газ құятын бекеттерде (АГЗС) тұрмыстық баллондарды заңсыз толтыруға шектеу қойылады. Жаңа ереже бойынша баллондар тек арнайы газ толтыру станциялары мен пункттерінде ғана толтырылуы тиіс», — дейді Рамиль Камалов.

Автогаз бекеттерінде міндетті түрде арнайы зертханалық жабдықтар болуы шарт. Бұл баллон ішіндегі конденсатты төгу және қауіпсіздік клапандарын тексеру үшін қажет.

Рамиль Камалов сөзінше, жарылыстардың көбі қарапайым физика заңдарын білмеуден болады. Газ баллонының ішінде кеңеюге орын болуы үшін ол 85 пайыздан артық толтырылмауы керек.

Аяздан жылы үйге кіргізілген немесе пеш түбіне қойылған толы баллон ішіндегі газ кеңейіп, соңы жарылысқа әкеп соғады.

Осыған байланысты Энергетика министрлігі баллондарды маркалау (таңбалау) және QR-код арқылы толтыру процесін бақылау жүйесін әзірлеп жатыр.

Соңғы жылдары елімізде газ баллондарының дұрыс пайдаланылмауы салдарынан болатын қайғылы жағдайлар көбейіп кетті. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, соңғы 3 жылда 30 жарылыс тіркеліп, 27 адам қаза тапқан.

Мәселен, өткен айда Щучинск қаласындағы «Плов Центр» дәмханасындағы жарылыстан 9 адам көз жұмды. Тұрғын үйге жапсарлас салынған дәмханада газ баллоны жарылып, арты ірі өртке ұласты. 20-дан астам адам жарақат алды. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт қауіпсіздігі ережелерінің өрескел бұзылуы.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button