«Енді бункер түрінде салынады»: Жертөлелер мен паркингтер салуға қатысты маңызды өзгеріс енді
Атап айтқанда, бұл орындарда арнайы желдету құрылғылары, үздіксіз сумен және электрмен жабдықтау мүмкіндігі, санитарлық тораптар мен тұрақты байланыс желілері орнатылуы қажет.

Жертөлелер мен паркингтер төтенше жағдай кезінде паналау орны болмақ, деп хабарлайды tiek.kz.
Бас прокуратура мәліметінше, бұл норма азаматтық қорғаныс жүйесін күшейту үшін енгізілуде.
Яғни соғыс немесе төтенше жағдай кезінде адамдар жасырынатын орындар алдын ала анықталып, дайын болуы тиіс. Атап айтқанда, көпқабатты үйлердің жертөлелері мен жер асты автотұрақтарын арнайы талаптарға сай жабдықтау қарастырылады. Олар қауіпсіздік, желдету және қолжетімділік талаптарына сәйкес келуі керек.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Көптеген елдерде дәл осындай нысандар халықты қорғау үшін пайдаланылады.
Яғни алдағы уақытта жертөле мен паркинг тек техникалық орын емес, қажет жағдайда адамдарды қорғайтын қауіпсіз аймаққа айналуы мүмкін.
Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі бірқатар ведомстволармен бірлесе отырып, жертөлелер мен паркингтерді халықты қорғауға бейімдеудің бірыңғай стандартын бекітті. Енді жаңадан салынатын нысандар тек техникалық мақсатта ғана емес, төтенше жағдайлар кезінде сенімді пана болатындай деңгейде жобалануы тиіс.
Жаңа ережеге сәйкес, бұдан былай бой көтеретін ғимараттардың жерасты бөліктері табиғи және техногендік апаттардан, сондай-ақ әскери қауіп-қатерлерден, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының соққыларынан қорғануға арналған бункер ретінде қарастырылады. Осыған байланысты құрылыс нысандарының конструкциясы мен жоспарлануы сыртқы соққылар мен қысымдарға жоғары төзімділік танытуы керек. Бұл талаптар ғимараттардың беріктігін арттыруға тікелей әсер етпек.
Сонымен қатар стандарт бойынша әрбір жерасты нысаны тіршілікті қамтамасыз етудің дербес жүйелерімен жабдықталуы міндетті. Атап айтқанда, бұл орындарда арнайы желдету құрылғылары, үздіксіз сумен және электрмен жабдықтау мүмкіндігі, санитарлық тораптар мен тұрақты байланыс желілері орнатылуы қажет. Мұндай шаралар халықтың қауіпті жағдайларда ұзақ уақыт бойы қауіпсіз паналауын қамтамасыз етуге бағытталған.



