Қоғам
Тренд

ІІМ жастарды «күштеп әскерге әкету» фактілерін жоққа шығарды

Полиция тарапынан ондай әрекет болуы да мүмкін емес. Қорғаныс министрлігі тарапынан да бізге ондай ұсыныс немесе өтініш түскен жоқ.

Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Бұл кезеңде көптеген ата-ана мен жас жігіттерді толғандыратын мәселелер туындап жатыр. Нақты айтар болсақ, дәл осы кезеңде полиция қызметкерлерінің көшеде жүрген жастарды күшпен әкетіп жататын жайттар да аз емес. Әлеуметтік желі бетінде де «күштеп әкету» яғни жастарды полиция қызметкерлерінің қойша көтеріп әкетіп жатқаны туралы видеолар өте көп.

Осыған байланысты тілшіміз көктемгі әскерге шақырту алдында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтан ата-ананы толғандырған мәселе туралы сұрап білмек болған еді. Қызығы, вице-министр мұны жоққа шығарып отыр.

«Полиция қызметкерлері ешкімді күштеп алып кетпейді. Полицияның міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау. Заң бұзушылықтар болса, міндетті түрде шара қолданамыз. Полиция тарапынан ондай әрекет болуы да мүмкін емес. Қорғаныс министрлігі тарапынан да бізге ондай ұсыныс немесе өтініш түскен жоқ», — дейді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Вице-министр әскерге шақырудың толықтай Қорғаныс министрлігінің құзыретінде екенін, ішкі істер органдарының тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету міндетін атқаратынын атап өтті.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі өз тарапынан түсініктеме берген болатын. Министрліктің мәлімдемесі бойынша, кейбір азаматтар шақыру қағазын алса да, әскери басқару органдарына уақытылы келмейді. Сонымен қатар, көпшілігі тіркелген жері бойынша тұрмайды және қоныс аударғанда жаңа мекенжайына тіркелмейтіні айтылған.

«Мұндай жағдайда ішкі істер органдарының қызметкерлері заңды талаптарға бағынбаған азаматтарды мәжбүрлі түрде (привод) шақыру пунктіне жеткізуге құқылы. Шақыру комиссиясы жеткізілген азаматтың мәртебесін сол жерде анықтайды. Егер шақыруға негіз болмаса  бірден босатады», — деп түсіндірген болатын Қорғаныс министрлігі.

Әрине, әскерге шақыру мәселесі бойынша жауапты орган Қорғаныс министрлігі. Тек жекелей жағдайларда, яғни борышынан жалтарып жүрген адамды военкоматқа жеткізу үшін ІІО тартылады. Қажет болғанда «меры принуждения» (рұқсат етілген шекте) қолданылады.

Күш қолданып, ұрып, соғып, тепкілеп, тағы да басқа ауыр әрекеттер болса, шағымдануға болады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес:

Шақыру қағазын (повестканы) алған азамат белгіленген уақытта әскери комиссариатқа келуге міндетті.

Дәлелді себепсіз келмеген және шақырудан жалтарған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған (1000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру).

Медициналық тексеруден өтпегені үшін әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін.

Шақыру қағаздары тек қағаз түрінде ғана емес, SMS-хабарлама және e-Gov порталы арқылы да жіберіледі.

Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны 1 наурызда басталды және 30 маусымға дейін жалғасады.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button