Таразда нан зауытының бастығын атып кетті
Қайғылы оқиғаға ірі қаржылық дау себеп болуы мүмкін.

Таразда белгілі кәсіпкерді өлтіріп кетті деген ақпарат тарады.
Оқиға туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желіде тараған. Мәліметтерге сәйкес, қайғылы жағдай 29 наурыз күні таңғы уақытта Ыбырайым Сүлейменов көшесіндегі банк бөлімшесінің маңында болған. Көз жұмған адам бұрын жергілікті нан зауыттарының бірін басқарған.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, қайғылы оқиғаға қымбат жол талғамайтын көлік сатып алуға байланысты туындаған ірі қаржылық дау себеп болуы мүмкін.
Бұл жайтқа Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді. Ведомство өкілдері мәйіттің табылғанын растады және ресми тергеу басталғанын мәлімдеді.
Тараз қаласында ер адамның мәйіті табылуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Дәлелдер жиналып, бекітілуде, – деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.



