Астанада «соғысқұмар» әнші Полина Гагаринаның концерті өтпейтін болды
Гагарина Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдайтын әншілердің бірі

Астанада ресейлік «Z әнші» Полина Гагаринаның 5 сәуірге жоспарланған концерті өтпейтін болды.
Бұл жөнінде билет сатумен айналысатын қазақстандық Zakazbiletov.kz платформасы Facebook желісінде хабарлады.
Ұйымдастырушылар өздерінің мәлімдемелерінде концерт «ұйымдастырушылар мен әртістерге, өздеріне тәуелсіз жайттарға» байланысты шегерілгенін атап өтті. Сервис өкілдерінің айтуынша, билетті сатып алғандардың ақшасы 14 күнде қайтарылады.
Полина Гагаринаның концерті Астанадағы Конгресс-холл залында өтеді деп айтылған еді.
Гагаринаның Қазақстанда концерті алғаш рет шегеріліп отырған жоқ. 2023 жылы Алматыдағы концерті қоғам қысымынан кейін шегерілген болатын. Әнші 2025 жылы 27 қарашада Астанада тағы концерт өткізуді жоспарлаған. Алайда концертке билеттер Zakazbiletov.kz платформасынан жоғалып кетті. Сол кезде Конгресс-Арена алағы концерт бәрібір өтетінін, билеттер сатылатынын хабарлаған. Ақыры шара өтпеді.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері Қазақстанда соғысты қолдаған бірнеше ресейлік әншінің концерті өтпей қалды. Олардың арасында Лариса Долина, Полина Гагарина, Григорий Лепс бар. Соғысқа қарсы шыққан Максим Галкиннің де концерті болмай қалды.
Дереккөз: Азаттық радиосы



