«Египет пирамидасын салғандай болыпты ғой»: Желіде жұмысшылардың LRT вагондарын арқанмен сүйреп бара жатқан ВИДЕО-сы тарады

Желіде LRT жобасына қатысты күлкілі видео тарап жатыр. Кадрдан жұмысшылардың LRT вагондарын арқанмен сүйреп бара жатқанын көруге болады, деп хабарлады tiek.kz.
«Қараңыздар, LRT ертең осылай жүреді, достар! Жұмысқа адамдарды осылай сүйреп апарады. Артынан итеріп жүреді. Келесі аялдама — Хан шатыр деп кетіп барады», — дейді кадр сыртындағы дауыс.
Олардың неге бұлай жасағаны әзірге белгісіз. Десе де бұл желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, әзілге айналып жатыр.
Тіптен кейбіреуі ұзаққа созылған LRT жұмысын пирамида құрылысна теңеген. «Египет пирамидасын салғандай болыпты ғой» деп әдемі әзілге айналдырған. Тағы біреулері «100–200 теңгелік жолақыға осындай сервис кіре ме екен?” деп жазған.
CTS компаниясы бұл видеоны вагондардың әлі жұмыс режиміне қосылмағанымен түсіндірді
Айтуларынша, бұл қалыпты жұмыс барысы. «Қазіргі таңда вагондарды рельске орнатқаннан кейін оларды бір-біріне қосудың техникалық кезеңі жүріп жатыр. Жеңіл рельсті көлік желісінде іске қосу-реттеу жұмыстары аясында жылжымалы құрамды рельске орнатқаннан кейін оларды қосудың технологиялық кезеңі жүргізіледі. Осы кезеңде вагондардың орнын қолмен түзетуге рұқсат етіледі. Бұл тіркеме құрылғыларын дәл біріктіру және жылжымалы құрамның рельстегі орналасуын нақтылау үшін қажет. Осы кезеңде вагондар жұмыс қалпында емес және тартқыш жүйелерін пайдалану талап етілмейді. Қысқа қашықтыққа орын ауыстыру бақыланатын жағдайда қолмен жүзеге асырылады. Барлық жұмыстар қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып орындалады және рельсті көлікті пайдалануға беру кезіндегі штаттық тәжірибе болып табылады, — деп түсіндірді CTS компаниясының баспасөз қызметі.



