
Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Әділ Жұбанов сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған кәмелетке толған азаматтардың қамқоршыларына, оның ішінде II және III топтағы мүгедектігі бар және психикалық аурулары бар жандардың тиісті әлеуметтік қорғаудан тыс қалып отырғанын айтты, деп хабарлайды tiek.kz.
Депутаттың айтуынша, мұндай тәжірибе бірқатар Еуроодақ елдерінде бар.
«Бұл елдерде әрекетке қабілетсіз ересектерге күтім жасау әлеуметтік маңызы бар қызмет ретінде танылады.
Бірқатар мемлекеттерде өтемақы төлемдері қарастырылған, күтім кезеңі еңбек өтіліне есептеледі және зейнетақы жарналары мемлекет есебінен төленеді», — дейді депутат.
Осылай деп атап өткен депутат Үкіметке
- сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған кәмелетке толған азаматтардың қамқоршыларына мемлекеттік төлем енгізуді;
- қамқоршылық кезеңін еңбек өтіліне қосуды;
- күтім кезеңінде зейнетақы жарналарын мемлекет есебінен төлеуді;
- осы санаттағы қамқоршылардың құқықтық мәртебесін әлеуметтік қорғау субъектісі ретінде бекітуді ұсынды.



