Әлем

БАҚ: Иранның жаңа Аятолласы құпия Мәскеуге жеткізілген болуы мүмкін

Кувейттің Al Jarida газеті Иранның жаңа тағайындалған Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи жараланып, ем алу үшін Мәскеуге жеткізілгені туралы ақпарат таратты.

Кувейттің Al Jarida басылымының хабарлауынша, Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи расында да жараланып, емделу үшін аса құпия түрде Мәскеуге жеткізілген.

Басылым таратқан мәліметтердің негізгі тұстары мынадай:

Моджтаба Хаменеи 2026 жылдың 28 ақпанында АҚШ пен Израильдің Тегеранға жасаған алғашқы әуе соққылары кезінде жараланған. Кейбір деректер оның аяғынан жарақат алғанын айтады.

Ирандағы қауіпсіздік жағдайының нашарлауына байланысты ол Ресейдің әскери ұшағымен Мәскеуге жеткізілген. Бұл ұсынысты Ресей президенті Владимир Путин Иран президенті Масуд Пезешкианмен телефон арқылы сөйлескенде жеке өзі жасаған делінеді.

Ота сәтті өткен. Қазір ол Ресей президенті резиденцияларының бірінде орналасқан жеке емханада күтім алуда.

Иранның Сыртқы істер министрлігі Моджтаба Хаменеидің жараланғанын растады, бірақ оның жағдайы тұрақты екенін және ол елді басқаруды жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Дегенмен, оның Мәскеуге кеткені туралы ақпаратты Иран немесе Ресей билігі ресми түрде әлі растаған жоқ.

Айта кетейік, Моджтаба Хаменеи әкесі Әли Хаменеи әуе соққысынан қаза тапқаннан кейін, 2026 жылдың наурыз айының басында жаңа Жоғарғы көшбасшы болып тағайындалған болатын.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button