Оскар-2026: Пол Томас Андерсон түсірген «Шайқастан кейін тағы шайқас» фильмі үздік деп танылды

Голливудта жылдың ең күтілетін оқиғасы — 98-ші «Оскар» марапаттау рәсімі аяқталды.
Лос-Анджелес қаласында Америкалық киноөнер және ғылым академиясының 98-ші марапаттау рәсімі өтті. Кешті биыл да танымал комик Конан О’Брайен жүргізді.
«Оскардың» басты жүлдесін режиссер Пол Томас Андерсон түсірген «Шайқастан кейін тағы шайқас» фильмі жеңіп алды.
Режиссер бұл туындысы үшін «Үздік режиссер» және «Үздік бейімделген сценарий» аталымдары бойынша да екі бірдей мүсінше иеленді.
Фильм сондай-ақ жаңа енгізілген «Үздік кастинг» номинациясында және «Үздік монтаж» аталымында да жеңіске жетті. Ал осы картинадағы екінші пландағы рөлі үшін актер Шон Пенн «Оскар» алды.
Фильмнің басты рөлін Леонардо Ди Каприо сомдайды. Бұған дейін туынды басқа да халықаралық кино сыйлықтарында жоғары бағаланып, бірнеше жүлде алған.
«Күнәһарлар» фильмінің авторлары төрт бірдей мүсіншеге ие болды.
«Оскар-2026» жеңімпаздары
- Үздік фильм – «Шайқастан кейін тағы шайқас»
- Үздік режиссер – Пол Томас Андерсон, «Шайқастан кейін тағы шайқас»
- Үздік актер – Майкл Б. Джордан, «Күнәһарлар»
- Үздік актриса – Джесси Бакли, «Гамнет»
- Үздік екінші пландағы актер – Шон Пенн, «Шайқастан кейін тағы шайқас»
- Үздік екінші пландағы актриса – Эми Мэдиган, «Қару-жарақ»
- Үздік монтаж – «Шайқастан кейін тағы шайқас»
- Үздік операторлық жұмыс – Отем Дюральд, «Күнәһарлар»
- Үздік бейімделген сценарий – Пол Томас Андерсон, «Шайқастан кейін тағы шайқас»
- Үздік түпнұсқа сценарий – «Күнәһарлар»
- Үздік кастинг – «Шайқастан кейін тағы шайқас»
- Үздік анимациялық фильм – «K-pop: жын-пері аулаушы қыздар»
- Үздік қысқаметражды анимациялық фильм – «Інжу болып аққан көз жасы»
- Үздік костюм дизайны – «Франкенштейн»
- Үздік грим және шаш үлгісі – «Франкенштейн»
- Үздік қысқаметражды фильм – «The Singers, Two People Exchanging Saliva»
- Үздік көркемдік безендіру – «Франкенштейн»
- Үздік визуалды эффектілер – «Аватар: От пен күл»
- Үздік қысқаметражды деректі фильм – «Бос қалған бөлмелер»
- Үздік деректі фильм – «Путинге қарсы мистер Ешкім»
- Үздік түпнұсқа саундтрек – «Күнәһарлар»
- Үздік дыбыс – «F1»
- Үздік халықаралық фильм – «Сезім құндылығы»
- Үздік ән – «Golden», «K-pop: жын-пері аулаушы қыздар»
Биыл марапаттау рәсімінің ашықтығын арттыру мақсатында академия дауыс беру ережелерін күшейтті. Академия мүшелері тек өздері толық көрген фильмдерге ғана дауыс бере алды. Фильмдерді көру процесі арнайы Academy Screening Room қосымшасы арқылы бақыланды. Егер туынды фестивальде немесе жабық көрсетілімде қаралған болса, қатысушылар арнайы формада көрсетілімнің күні мен орнын көрсетуге міндеттелді.
Кештің ерекшеліктері
Рәсім барысында Конан О’Брайеннің әзілдері мен қызыл кілемдегі жұлдыздардың бейнесі әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Сонымен қатар мамандар биылғы «Оскар» тек кино емес, сонымен қатар жаңа технологиялар мен жанрлардың (триллерден спорттық драмаға дейін) тоғысқан жері болды деп бағалап отыр.



