Қолдау хатын жолдамады: Иран елшісі Қазақ билігіне ренішін білдірді

Иранның Қазақстандағы елшісі Али Акбар Джоукар соңғы жағдайларға байланысты Қазақстан тарапынан ешқандай қолдау хабарлама келмегенін мәлім етті.
Ол бұл туралы Астанадағы елшілікте өткен брифингте айтты
«Қазақстан – біз үшін дос әрі бауырлас ел. Мүмкін, демалыс күндері болғандықтан, Қазақстан билігі хабарлама жіберуге мүмкіндік таппаған шығар. Бәлкім, бүгін алғашқы жұмыс күні болғандықтан, қандай да бір хабарламалар келіп түсер», – деп атап өткен елші брифинг барысында.
«Әскери әрекеттер басталар алдында біз ресми түрде хабарлаған едік. Парсы шығанағындағы база АҚШ-қа тиесілі. Сондықтан олар шабуылға ұшырайды. Қазір кейбір достарымыз, араб елдері, Иранның осы базаларды шабуылдағанына реніш білдіруде. Бірақ шабуыл дәл осы базалардан басталғандықтан, Тегеран қорғаныс мақсатында соққы беруге мәжбүр болды. Қақтығыс нәтижесінде көптеген адамдар қаза тапты. Соның ішінде мектепке жасалған шабуыл кезінде 160 бала мерт болды. Ирандағы азаматтық нысандар да зақымданды», – деді ол.
28 ақпанда Израиль мен АҚШ-тың Тегеранға жасаған зымыран соққысы салдарынан 1989 жылдан 2026 жылға дейін Иранның Жоғарғы көшбасшысы болған Әли Хаменейдің қаза тапты.
БАҚ мәліметінше, онымен бірге оның ұлы, қызы, күйеу баласы және немересі де қаза болған.
Иранда 40 күндік аза тұту жарияланды, еліміздегі Иран елшілігі аумағындағы ту төмен түсірілді.



