«Шаруаларға арналған дизель нарықтағы бағадан 15% арзан болады» – министр
Биыл майлы дақылдар мен картоп алқаптары көбейіп, керісінше бидай алқабы 125 мың гектарға қысқармақ.

Биыл көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақтылы өткізу үшін 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Яғни көктемгі егін жұмыстары үшін шаруаларға дизель отыны жанар-жағармай станцияларынан 15% арзанырақ бағамен беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында белгілі болды, деп хабарлайды tiek.kz.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жыл басында Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері «2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына 402 мың тонна дизель отынын беру кестесін» бекіткен.
«Шаруаларға арналған дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін жеке ПИН-кодтар алынды, дизель түсі сары, көк және қызылға боялды, электрондық шот-фактура жүйесіне дизель үшін бөлек виртуалды қойма құру шаралары қабылданды. Бұл шаралар мұнай жеткізушілердің дизель отынын операторларға мақсатты түрде нақты жеткізуді қамтамасыз етеді», – деді Энергетика министрі.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл майлы дақылдар мен картоп алқаптары көбейеді. Керісінше бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 миллион гектар деңгейінде болады.
«Егіс құрылымы жоғары рентабельді дақылдарға басымдық беруге бағытталған. Азықтық дақылдар 242 мың гектарға, арпа 94 мың гектарға, жүгері 90 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Жалпы өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық жерге тұқым себілмек», — дейді ол.



