«Ел азаматтары жылына қосымша 3 күн демалыс ала алады» – Асхат Аймағамбетов
Еңбек кодексінде скринингтерден өту үшін арнайы демалыс қарастырылған.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов қазақстандықтарды өз құқығын дұрыс пайдалануға шақырды, деп хабарлайды tiek.kz.
Оның айтуынша, әр жұмысшы медициналық тексерістен өту үшін 3 күн демалыс алуға құқылы.
«Көп адам мұны білмейді. Еңбек кодексінде скринингтерден өту үшін арнайы демалыс қарастырылған. 87-бапта ол нақты көрсетілген. Қызметкерге жылына 3 жұмыс күніне дейін скринингтік зерттеулерден өту үшін әлеуметтік демалыс беріледі. Жұмыс беруші бұл арнайы демалысты беруге міндетті. Өз құқығыңызды пайдаланыңыздар. Скринингтен өтіңіздер», — деп жазған депутат өзінің threads желісіндегі парақшасында.
Айта кетсек, скрининг — ауруларды ерте кезеңде анықтау және асқынулардың алдын алу мақсатында жүргізілетін алдын алу медициналық тексеру.
Бағдарламаға бой, салмақ, бел аймағын өлшеу, қан қысымы, холестерин мен қант деңгейін бақылау, 30-70 жас аралығында көз қысымын өлшеу, қажет болса электрокардиография және мамандардың қарауы кіреді.
Әйелдерге 30-70 жас аралығында жатыр мойны цитологиясы, 40-70 жас аралығында сүт безі маммографиясы жүргізіледі.
50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер үшін тоқ ішек пен тік ішек ауруларын ерте анықтау мақсатында нәжіс талдауы мен мамандардың қарауы ұсынылады.
Скрининг Қазақстанда тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіреді.
Скринингтен тіркелген емханаңыздан өте аласыз. Ол үшін жеке куәлігіңіздің болуы жеткілікті.
Скрининг қандай ауруларды анықтауға бағытталған?
Скринингтік тексерулер мынадай ауруларды ерте анықтауға және алдын алуға бағытталған:
- жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары (артериялық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы);
- қант диабеті;
- глаукома;
- сүт безі қатерлі ісігі;
- жатыр мойны қатерлі ісігі;
- тоқ ішек және тік ішек қатерлі ісігі (колоректалды обыр);
- В және С вирустық гепатиттері;
- ми қан айналымының бұзылыстары.
Бұрын онкоскринингтер тек сақтандырылған азаматтар үшін ғана қолжетімді болса, 2025 жылдан бастап олар ТМККК пакетіне енгізілген. Яғни тексерулер сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар үшін қолжетімді.
Қандай жастағы азаматтар скринингтен өтеді?
Скринингтен өту жас ерекшеліктеріне қарай төмендегідей жүргізіледі:
- артериялық гипертония және ишемиялық жүрек ауруы – 40–76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
- қант диабеті – 40-76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
- глаукома – 40-76 жас аралығындағы азаматтар;
- сүт безі қатерлі ісігі – 40-76 жастағы әйелдер;
- жатыр мойны қатерлі ісігі – 30-74 жастағы әйелдер;
- колоректалды қатерлі ісік – 50-76 жастағы ерлер мен әйелдер;
- В және С вирустық гепатиттер (мына келесі топтарда: медицина қызметкерлері; жоспарлы және шұғыл операция алдында жатқан науқастар; гемодиализ, гематология, онкология, трансплантология орталықтары мен бөлімшелеріндегі емделушілер); қан құю, трансплантация (ағзалар, тіндер, жасушалар), жүктілік кезінде).
- ми қан айналымының бұзылыстары – 50-76 жастағы ер адамдар.
Скринингке тіркелген емханаңызда жеке куәлігіңізбен баруыңыз қажет.
Скринингтің пайдасы
- созылмалы және онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің төмендеуі;
- халық өмірінің ұзақтығы мен сапасының артуы;
- өз денсаулығына деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Скринингке қалай жазылуға болады?
Скринингке жазылу үшін:
- емханадағы тіркеу орнына хабарласыңыз;
- call-орталыққа қоңырау шалыңыз;
- медициналық ұйымның мобильді қосымшасы немесе порталы арқылы жазылыңыз
Көп жағдайда учаскелік дәрігерлер мен мейірбикелер тұрғындарды жас және басқа критерийлер бойынша тізімдеп, өздері шақырады.
Скринингтен кейін не істеу керек?
Скрининг нәтижесінде қандай да бір ауытқулар анықталған жағдайда диагноз қою үшін қосымша тексеруге немесе маманға жібереді.



