Қостанай облысы Жангелдин ауданына қарасты Қарғалы ауылы маңында балық қырылу қаупі туып отыр. Әлеуметтік желіде таралған ақпаратта Торғай өзенінде тұншыққан балықтың видеосы таралды.
«Торғайда экологиялық қасырет! Мына видеоны Қарғалыдан жіберді. Торғай өзенінде балық тұншығып жатыр. Болжау бойынша жанында ыстық су (Rn) көзі бар, сол су жол тауып өзенге құйып жатуы мүмкін. Дабыл қағатын мәселе!»
Бұл мәселеге байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі мынадай ақпарат жариялады:
«Осы дерек бойынша 2026 жылғы 12 қаңтарда Жангелдин ауданына шығу жоспарланған. СЭС мамандары, табиғи ресурстар басқармасы, экология департаменті және балық инспекциясы өкілдерінен комиссия құрылады. Алдыңғы жылдары Торғай өзенінде осыған ұқсас жағдай тіркеліп, оттегінің жетіспеушілігінен балық қырылған»
Кейбір азаматтар мәселенің анық-қанығы белгілі болғанша карантин жариялауды ұсынып отыр. Өйткені бұл өзеннен балық аулаушылар аз емес.
