Оқиға

Польшада Қазақстан азаматын өлтіріп кетті

Польшада із-түзсіз жоғалған Қазақстан азаматы Екатерина Шилова өлі күйінде табылды.

Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Ведомство марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Қазақстанның Польшадағы елшілігі қаза болған азаматшаның отбасымен және жергілікті құқық қорғау органдарымен байланыста екені айтылды.

СІМ мәліметінше, дипломаттар консулдық мәселелерді шешуге, соның ішінде марқұмның денесін Қазақстанға жеткізуге көмектесіп жатыр. Оқиға министрліктің бақылауында.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде 42 жастағы Екатерина Шилованың Варшавада жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған.

Мәліметке сәйкес, ол 18 ақпанда Астанаға ұшуы тиіс болған. Алайда сол күні жоспарланған рейске мінбеген.

Туыстарының айтуынша, бұған дейін оның телефонынан түсініксіз хабарлама келген. Онда әйелге Германиядан жұмыс ұсынылғаны және сол себепті билетін тапсырғаны айтылған.

Алайда жақындары бұл мәтін оның жазу мәнеріне ұқсамайтынын айтып, хабарламаны басқа біреу жазған болуы мүмкін деп күмәнданған. Осыдан кейін қазақстандықтың телефоны өшіп қалған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button