«БАӘ-де Қазақстан азаматтарына тиеселі 217 жылжымайтын мүлік анықталды» — Мемлекеттік кірістер комитеті

Біріккен Араб Әмірліктерінде Қазақстан азаматтарына тиесілі 217 жылжымайтын мүлік бар. Қазақстан қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитеті Bes.media сайтының сұрағына жазбаша осылай деп жауап берген, деп хабарлайды tiek.kz.
Қазақстандықтардың шетелдегі активтері туралы ақпаратты салық органдары декларациялар мен шетел ведомстволарымен дерек алмасу арқылы алған. Мәселе декларацияның екі түрі: 250 салық есеп формасы (кіріс пен мүлік туралы декларация) және 270 салық есеп формасы (активтер мен міндеттемелер туралы декларация) жөнінде болып отыр.
«2025 жылға арналған активтер мен міндеттемелер декларациясында (СЕФ 250.00) декларанттар БАӘ-де орналасқан 168 мүлкін жариялады. 2024 жылдың табыс пен мүлік декларациясында (СЕФ 270.00) декларанттар БАӘ-де орналасқан 49 мүлікті жариялаған. Осылайша, 2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша БАӘ-де 217 мүлік жарияланды» деп жазылған жауапта.
Бұған дейін Дубайдағы Fairmont The Palm қонақүйінің жанындағы тұрғын кешенде қазақстандықтарға тиесілі 97 пәтер бар деген ақпарат тараған еді. Бұл мәлімет қонақүй маңында дрон құлаған оқиғадан кейін жарияланған.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұл пәтерлер бойынша жеке тексеріс жүргізілмегенін айтты. Комитеттің мәліметінше, «Fairmont The Palm тұрғын кешеніндегі 97 пәтер Қазақстан азаматтарына тиесілі екені туралы ақпарат жоқ. Осыған байланысты аталған тұлғалардың тізімі де жоқ және бұл деректер бойынша камеральдық бақылау жүргізілмеген. Бұған дейін бас прокуратураның активтерді қайтару қызметі де жарияланған ақпаратты тексеруге негіз жоқ екенін мәлімдеген. Ведомство өкілдері шетелде жылжымайтын мүлікке иелік ету өздігінен заң бұзушылық болып саналмайтынын түсіндірген.



