Сайлау - 2026
Тренд

Әділет» партиясының үш ақиқаты неде? – партиялар арасындағы ұлттық теледебат қалай өтті

Бүгін «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде саяси партиялар арасындағы ұлттық теледебат өтті.

Бұл теледебатта «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Ренат Бектұров үшінші болып сөз сөйледі. Теледебаттың бірінші кезеңінде ол екі минут ішінде «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын айтып берді.

Ол теледебаттағы сөзін негізгі үш ақиқатқа негіздеген екен.

«Мен өз сөзімде үш негізгі ақиқат туралы бөлісейін. Бірінші ақиқат – білім. Тек қана білімді қоғам қуатты мемлекет құра алады. Сондықтан, біздің басты ұстанымымыз адамға білім беру», — деді Бектұров сөзін бастай отырып.

Сөзін жалғастырған ол білімді дамыту саласындағы мемлекет басшысының осыған дейінгі реформалары өз нәтижесін бергенін айтып берді. Яғни, Бектұров атап өткендей, елімізде жүздеген жаңа мектеп салып, халықаралық университеттердің филиалдары ашылған. Бұл білімге салынған әрбір теңге – елдің болашағына салынған инвестиция, дейді Бектұров.

«Екінші ақиқат – денсаулық. Денсаулық саласын алып қарайтын болсақ, әр мемлекеттің, әсіресе біздің мемлекеттің басты мақсатының бірі – азаматтарының денсуалығы мен өмірін қорғау.  Осы салада біздің партиямыздың алдына қойған мақсаты алдағы бес жылда орта өмір ұзақтығын 77 жасқа жеткізуді мақсат етеміз», — деді Бектұров сөзін жалғастыра отырып.

Ал, үшінші ақиқатты құндылықтарға бағыттаған Ренат Бектұров еңбекқорлық, жауапкершілік, әділдік пен отаншылдық сияқты құндылықтар үстемдік етсе ғана  қоғам ғана ұзақ даму жолына түседі дейді.

«Жаңа Конституция адамның құқығы мен қадір-қасиетін мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдырды. Бұл саланы басынан, баланың кішкентай кезінен бастау керек деп сенеміз. Сондықтан да, алдағы бес жылда мектептерде 300 мың, балабақшаларда 79 мың жаңа орын ашамыз. Құрметті қазақстандықтар, жай бағдарлама емес, бұл нақты іс жоспары», — деді ол екі минуттық сөзін түйіндей отырып.  

Айта кетейік, «Qazaqstan» телеарнасының тікелей эфирінде Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партияның өкілдері арасында ұлттық теледебат өтті. Алғашқы пікірсайыстың тақырыбы «Қазақстанның болашағы – адам капиталы».

Теледебатқа «Әділет» партиясынан Ренат Бектұров, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Тазабек Сәмбетбай, «Байтақ» партиясынан Нұргүл Қадырбаева, Қазақстан Халық партиясынан Ислам Сұңқар, «Ауыл» партиясынан Серік Егізбаев, «Ақ жол» партиясынан Олжас Нұралдинов және «Respublica» партиясынан Екатерина Смолякова қатысты.

Дайындаған:

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.

«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button