Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпиондық белбеуінен бас тартты
Енді ол екінші орта салмақта өнер көрсетеді.

Боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17 жеңіс, 0 жеңіліс, 12 нокаут) орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан бас тартып, келесі салмақ дәрежесіне ауысу туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.
Sports.kz басылымының жазуынша, мәліметті Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери берген.
«Жәнібек Әлімханұлы маған өзінің жоғары салмақ дәрежесіне ауысатынын хабарлады. Енді ол екінші орта салмақта өнер көрсетеді. Ал Дензел Бентли толыққанды әлем чемпионы мәртебесіне көтерілді», – деді Оливьери The Ring басылымына берген сұхбатында.
Осылайша, WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы жаңа әлем чемпионы британдық Дензел Бентли болды. Бұған дейін ол ұйымның уақытша чемпиондық белбеуіне ие болған еді.
Айта кетейік, «Qazaq Style» лақап атымен танымал Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың көктемінде Астанада өткізіп, Конго өкілі Ануэль Нгамиссенгені нокаутпен жеңген. Ал 3 желтоқсанда оның ағзасынан мельдоний табылып, соның салдарынан тарихи жекпе-жегі өтпей қалды. Одан екі апта өткен соң Жәнібек Әлімханұлы әлемнің үздік орта салмақтағы боксшыларының рейтингінен шығарылды.
Бұған дейін Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков допинг дауына қатысты пікір білдіріп, IBF ұйымының Жәнібек Әлімханұлын әлем чемпионы атағынан айыру туралы шешіміне өз бағасын берген болатын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



