«Баламды жалғыз іш киіммен бере салды»: ҚТЖ-дан әділдік іздеген ананың жанайқайы
Баланың денесі ісініп, беті көгеріп, арқасында мәйіттік дақтар пайда болған.

Редакциямызға Рыскүл Жұмабекова деген көрермен хабарласты.
Ол Әділет атты жалғыз ұлының өліміне байланысты күмәнді сәттердің ақ-қарасын анықтай алмай жүргенін айтады. Айтуынша, ұлы жұмыс бабымен жүргенде көз жұмған. Алайда іссапарға кетіп, жұмыс орнындағы вагонда көз жұмғанына қарамастан “қызмет барысындағы жазатайым оқиға емес” деген шешім шығарып, қылмыстық істі тоқтатып тастаған.
Ең сорақысы, қайғы жұтқан ана баласының жаназасына жұмыс орнынан ешкім келмеген.
Анасының айтуынша, Әділет Нұрмұханов 2025 жылдың 5 қазанында №149 бұйрықпен Саумалкөл мен Ащысу станцияларына жұмыс бабымен іссапарға аттанады. Арада үш күн өткенде, яғни 8 қазан күні кешкі сағат алтылар шамасында оның механигі Мұхаммед Арзақұлов анасына телефон соғып, Әділеттің кенеттен ауырып қалғанын, ес-түссіз жатқанын жеткізеді.
«Мен басында тамақтан уланып, ес-түссіз жатқан болар деп ойладым. Сағат 18:30-да механик үйге келіп, мені өзімен бірге оқиға орнына алып кетті.
Жолда оған фельдшер қоңырау шалып, ұлымның аты-жөні мен ЖСН нөмірін сұрады. Мен қасында отырып, телефонды алып, өзімді Әділеттің анасымын деп таныстырдым. Алайда фельдшер ештеңе деместен, деректерді жазып алып, телефонды қоя салды. Көп ұзамай ол қайта хабарласты. Бұл жолы телефон дауысы қатты режимде (громкая связь) тұрған еді. Фельдшер ұлымның жүрегі тоқтап, қайтыс болғанын айтты. Мен бұған сене алмадым: балам жұмысқа сап-сау кетіп, қалайша кенеттен жүрегі тоқтап қалады?», — дейді қайғы жұтқан ана.
Оқиға орнына жеткенде анасы жапан даладағы перегонда тұрған ілесіп жүру вагонына полиция келгенше кіре алмай, түн ортасында суықта тұруға мәжбүр болады. Полиция капитаны Сұлтан Сағынтаев келгеннен кейін ғана вагон ішіне кірген ананың алдынан сұмдық көрініс ашылады. Ұлы вагонның іші лас, ретсіз, ал марқұм баласы ешқандай төсек-орынсыз, тек іш киіммен тақыр ағаш тапшанның үстінде жатады. Баланың денесі ісініп, беті көгеріп, арқасында мәйіттік дақтар пайда болған.
«Оқиға орнына жеткенде бізді вагонға полициясыз кіргізбей қойды. Түн, күн суық, жапан дала. Көп ұзамай полиция капитаны Сұлтан Сағынтаев келіп, мені ішке кіргізді. Іштегі жағдай өте аянышты еді: балам тақыр ағаш тапшанның үстінде, тек іш киіммен ғана жатыр екен. Не матрас, не төсек-орын жоқ. Ұлымның денесі ісіп, арқасы көгеріп, тілі кеуіп кеткен.
Артынша полиция қызметкерлері фототабельдер жасап, суретке түсіріп, мәйітті газель көлігімен мәйітханаға алып кетті. Біз бөлімшеге барып түсініктеме берген соң, үйге қайттық. Ұлымның мәйітін достары мен қарындасы ауылға жеткізді», — дейді ана.
Бұл жағдайда Әділет қызмет еткен «Қазақстан темір жолы» компаниясының ПЧ-24 мекемесінен бірде-бір адам келіп көңіл айтпаған, жерлеу рәсіміне қатыспаған және мәйітті тасымалдауға көмектеспеген. Мекеме тек кейінірек 276 мың теңге көлемінде материалдық көмек туралы анықтама берумен шектелген. Оның үстіне, анасына баласының жеке киімдері мен заттары әлі күнге дейін қайтарылмаған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, 22 жастағы Әділет Нұрмұхановтың өліміне техникалық электр тоғының әсерінен туындаған электр жарақаты және соның салдарынан болған шок себеп болған. Оның қолында электр белгілері анықталған. Тергеуші анасына баланың денесінде 3-дәрежелі электр күйігі, мұрнынан аққан қан іздері және екі тізесінің астында доғал заттың соққысынан қалған жарақаттар барын айтқан. Алайда, бұл дене жарақаттары мен соққы іздері ресми тергеу актісіне мүлдем тіркелмеген.
Осыған қарамастан, полиция органдары аталған оқиғада қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығын алға тартып, 2025 жылғы 21 қарашада қылмыстық істі тоқтатқан және бұл шешім Бұқар Жырау ауданының прокуратурасымен келісілген. Мұнымен қоса, еңбек инспекциясының арнайы комиссиясы бұл оқиғаны зерттей келе, жазатайым жағдайды «еңбек қызметімен байланысты емес», яғни жұмыс уақытынан тыс демалыс кезінде болған өндірістік емес жарақат деп таныған.
Отбасының жалғыз асыраушысынан айырылған жалғызбасты ана бұл шешіммен мүлдем келіспейді. Баласының іссапарда болғанын, демек оның өмірі мен қауіпсіздігіне жұмыс беруші тікелей жауапты екенін айтып, әділдік талап етуде. Қазіргі уақытта анасы мемлекеттік еңбек инспекторының қорытындысымен келіспей сотқа шағым түсірді. Іс сот қарауында болғандықтан, оқиғаға қатысты түпкілікті құқықтық баға әлі берілген жоқ. Сол тұста ҚТЖ компаниясын басқарған Талғат Алдыбергенов бұл жағдайға қатысты ешқандай ресми түсініктеме берместен, көп ұзамай қызметінен босатылды. Ендігі жауапкершілік мәселесі жаңа басшылық пен алдағы сот шешіміне тікелей байланысты болмақ.
Толық нұсқасын Tiek YouTube арнасынан көре аласыздар.



