Әлем

Зеленскийдің ультиматумы: Минск шекарадағы сигнал беруші құрылғыларды өшіре бастады

Украина Президенті Владимир Зеленскийдің Беларус басшылығына қойған қатаң ультиматумы өз нәтижесін бере бастаған сыңайлы. Соңғы мәліметтерге қарағанда, ресми Минск Украина шекарасына жақын аймақтарда орналасқан, ресейлік «Шахед» (Shahed) дрондарының соққысын бағыттап отырған арнайы ретрансляторлар мен сигнал беруші құрылғыларды өшіре бастады, деп хабарлайды tiek.kz.

Бұған дейін Украина Президенті Владимир Зеленский Александр Лукашенкоға тікелей ультиматум жолдаған болатын. Талап біреу — Беларус аумағындағы бес қабатты үйлердің шатырлары мен байланыс мұнараларына орнатылған, ресейлік ұшқышсыз ұшақтардың траекториясын түзететін құрылғыларды тез арада алып тастау.

«Минскінің бұл ойынынан күн сайын біздің бейбіт тұрғындарымыз бен балаларымыз зардап шегіп отыр. Лукашенкоға бұл құрылғыларды құрту үшін бір апта жеткілікті деп ойлаймын. Егер ол мұны істемесе, оны өзіміз әскери соққымен істейміз», — деп мәлімдеген еді Зеленский.

Киевтің бұл жолғы позициясы бұрынғыдан әлдеқайда қатаң болды. Украина қарулы күштері Беларус аумағындағы 500-ден астам әскери нысанның координаттары нақтыланғанын ашық білдірген соң, Минск соғысқа тікелей тартылып кетуден сескеніп, артқа шегінуге мәжбүр болды.

Әскери сарапшылардың пікірінше, Беларус тарапының байланыс құрылғыларын өшіруі Кремльдің қатты наразылығын тудыруы мүмкін. Өйткені бұл құрылғыларсыз Ресейдің Украинаның ішкі аймақтарына жасайтын әуе шабуылдарының тиімділігі айтарлықтай төмендейді.

Зеленскийдің ультиматум мерзімі аяқталуға шақ қалғанда және шекарада құрылғылар өшіріле бастаған тұста, Александр Лукашенконың кенеттен ұзақ мерзімді шетелдік іссапарға аттанатыны белгілі болды. Ол үкімет басшысымен кездесуінде жақын арада Ресей президенті Владимир Путинмен жүздесіп, содан кейін алыс шетелге ұзақ уақытқа кететінін мәлімдеді.

Саяси сарапшылар бұл жұмбақ іссапарды екі түрлі сценариймен байланыстырады:

Кремльдің қаһарынан қашу: Киевтің талабын орындап, ресейлік дрондардың жұмысына кедергі келтірген Лукашенко Мәскеудің тікелей қысымынан және өз елінде болуы мүмкін саяси арандатулардан уақытша алыстап, «көлеңкеге» кеткісі келеді.

Биліктен кетудің алғышарты (Отставка): Бұл оқиға Беларусь ішіндегі «Лукашенконың биліктен толық кетуі» туралы талқылауды қайта өршітті. Зеленскийдің ультиматумына бас иіп, елді соққыдан аман алып қалғанымен, ол Кремльдің алдындағы сенімін жоғалтты. Саяси кулуарларда оның бұл ұзақ сапары — билікті мерзімінен бұрын өз еркімен «қауіпсіз мұрагерге» өткізіп, саяси сахнадан біржола кету сценарийінің бастамасы болуы мүмкін екені айтылуда.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button