Әлем
Тренд

Ауғанстан: Талибан көлеңкесіндегі өмір

Үкіметтік делегациямен бірге Tiek.kz редакциясының тілшісі 2 күндік сапармен Ауғанстанға барған еді

Әскери ұшақпен 8 сағаттан артық ұшып (арада Шымкентте қонып жанармай толтырып алдық) Кабулге қондық. Әуежайда қарсы алған елшіліктің өкілдері «бұл елде алдымен атады, сосын сөйлеседі» деген мақал бар» — деді. Әзілін араластырғаны анық. Алайда, Ауғанстанда емін-еркін жүру қиын екенін түсіндік. Әскерилерді рұқсатсыз фото немесе видеоға түсіруге болмайтындықтан түсіре қоймадым. Тек қаланы аралағандағы өзім көргендерді қаз-қалпында ұсынбақпын. Фото телефонға түсірілгенін ескерте кеткен жөн.

Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған делегация сауда форумына барды. Біз жатқан қонақ үйдің үлкен залындағы көрмеден қазақстандық өнімдерді көрдік.

Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz

Сондай-ақ бұл делегацияға арнайы гуманитарлық миссия да жүктелген. Вице-премьер Серік Жұманғарин Ауғанстан билігінің өкіліне Қазақстан тарапынан келген гуманитарлық көмекті символикалық түрде табыс етті. Жалпы Қазақстан атынан 319 тонна жүк апарған. Ол туралы алдыңғы материалда жазған болатынбыз.

Фото: tiek.kz

3 күнге созылған сауда форумы нәтижелі болған сияқты. 25 келісімге қол қойылған. Бизнес өкілдері келіссөз жүргізіп жатқан уақытта біз қаланы аралауға кеттік. Ең алдымен бізді кілем тоқитын жерге алып баратын болды. Көз алдыма станоктары сарт-сұрт жұмыс істеп тұрған үлкен фабрика елестегені рас. Алайда барғанда көргеніміз осы болды.

Фото: tiek.kz

Бір шидің екі жағына қаз-қатар отырған әйелдер қолы қолына жұқпай тоқып жатыр.

Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz

Фабрика өкілдерінің айтуынша, бұл — өнбейтін жұмыс екен.

Кілем тоқу фабрикасымен танысқан соң жергілікті гид бастап Кабулді әрі қарай араламақ болдық. Әріптесіміз талантты фотограф Оспан Әли тапқан жолбасшысымыз Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінде магистратурада оқып жатыр екен. Қазақшасы жақсы.

Фото: tiek.kz

Жолбасшымыздың артында көрініп тұрған аудан — Карт-э Сахи. Кабулдің діни қағидаларды қатаң ұстанатын әрі тарихи бөлігі екен. Негізгі танымал нысандарының бірі — көк мешіт.

Фото: tiek.kz

Бізді көріп бозбала мен жасөспірім қасымызға келді. Қазақстан туралы ештеңе білмейді. Танымал спортшыларымызды түгендеп едім тек Шавкат Рахмоновты танитын болып шықты.

Фото: tiek.kz

Осы жерде сурет түсіріп тұрғанда қоларбаға ұн мен сұйық май салып тауға қарай итеріп келе жатқан бозбаланы көзіміз шалды.

Фото: tiek.kz

Ұндағы KZ жазуы көзге оттай басылды. Қазақстандық делегация апарған гуманитарлық көмекті таратып жатқан болар деп топшыладық.

Фото: tiek.kz

Суретке түсіріп болған соң өрге қарай арбасын итеріп кете барды. «Сонша алыс әрі биік жерге қалай жеткіземін» деген қиналысты жүзінен байқамадық.

Фото: tiek.kz

Айтпақшы тау үстіне салынған бұл үйлерге ауыз суды тасып ішеді екен. Жолбасшымыздың айтуынша 1 литр су — 1 афгани тұрады. Теңгеге шаққанда 8 теңге шамасында.

Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz

Жоғарыдан көрген Карт-э Сахи ауданын аралап көрмек болып төмен түстік. Бірнеше блокпосттан өтіп, көшелердің біріне келдік. Алдымыздан дүңгіршектерге ұқсас төбесі жабық күркешелер кездесті. Зират екен.

Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz

Бұл жерде де бизнес. Қабір үстіне жабатын мәрмәр тасты дайындап жатыр. Бағасы — 7-8 мың афгани (50-60 мың теңге шамасында).

Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz

Содан кейін алдымыздан мына ақсақал кездесті. Суретке түсіруге бірден келісті.

Фото: tiek.kz

Арнайы келген нысанымыз — мешітке де жеттік. Шиитердің мешіті екен. Бұл жақта оларға қырың қарайтындар көп болғандықтан күзетінің де қарасы қалың. Бізді ұзақ тергеп, тек мешітті ғана фотоға түсіруге рұқсат берді.

Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz

Мешіттен шығып жәдігер алуға беттедік. Қала орталығындағы сауда дүңгіршектерінің біріне кірдік.

Фото: tiek.kz

 

Фото: tiek.kz

Осы дүкеннің қожайыны кілем патшасы іспетті. Иранда тоқылғаны, Ауғанстанда тоқылғаны дейсіз бе, тауып беріп жатыр. Ауғанстанның өзінде тоқылғанының бағасы 2-3 еседей қымбат екен. «Қолмен тоқылған ғой»-дейді. 120*180 см кілем 1 мың доллардан асады. Дәл сондай өлшемдегі Иранда тоқылғанын 350 доллар деді. Әрине туристерге қымбат қоятыны анық. Саудаластық барынша.

Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz

Айтпақшы, жәдігер алатын кезде мейлінше ақпарат алған абзал. Кейбір бұйымды әуежайда алып қалады екен. Елден шығару үшін арнайы рұқсат алу міндеттелетін бұйымдар тізімін білген дұрыс.

Кабулдегі ең үлкен ту орналасқан жеріне бардық.

Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz

Ту тұрған төбеден Кабул алақандағыдай көрінеді екен.

Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz

Осы жерден экскурсиямыз аяқталды. Ерекше әсер қалдырды. Туристері ағылып, қоқысы шашылып жатқан көп қаланың бірі емес. Барынша таза. Әр жерде қару асынған әскерилер болмаса. Міне, мен көрген Ауғанстан осындай болды.

Фото: tiek.kz

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button