Атақты Мо Янның «Сандал ағаш жазасы» атты көлемді романын қазақша сөйлеткен жазушы Тұрсынбек Байжұмаұлы ауылда қой бағып жүр. Бұл туралы ақын Ұларбек Нұрғалымұлы жазды, деп хабарлайды tiek.kz.
Айтуынша, Нобель сыйлығының иегенір Мо Янның қазақшаға аударылған онға тарта романдарының ішіндегі ең сапалысын осы Тұрсынбек аударған.
«Кеше ғана Тұрсынбек хабарласты. Павладардың бір ауданында мал бағып жүр екен. Ішкі көші-қон бағдарламасымен сонда күн көріс қамымен жүр. Телефон бірде ұстайды, бірде ұстамайды. Мо Янның Ыстықкөлде жүргенінен тіпті бейхабар», — деп жазған ақын өзінің facebook парақшасында
Тұрсынбек Байжұмаұлы әңгіме, повестері, аудармалары әлденеше кітап болып басылып, оқырман мен әдеби қауымның жақсы бағасына ие болған жазушы. Сондай-ақ, ол кезінде Қытайдағы қазақтардың №1 әдеби журналы «Шұғыланың» редактор болған. Кейін Алматы облысының Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылына көшіп келеді.
«Қытайдағы қазақ-қырғыз әдебиетінің «Тұлпар» сыйлығын, Қытай аз ұлт жазушыларының «Жастар табысы» сыйлығын иеленіпті. Шыңжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің беделді сыйлығы да осы кісінің қанжығасында. Жалпы, университетте оқыған әдебиет саласы бойынша алған дипломынан өзге Бейжіңдегі Лу Шүн атындағы әдебиет институтын сырттай оқып жүріп алған дипломы да әлгі Қарабұлақтағы үйдегі сандықтың түбінде жатыр.
Тұрсынбек «Сандал ағаш жазасынан» бұрын «Ақылнама», «Бардам әке мен зардам әке» қатарлы екі кітап аударған екен. Мо Ян – үшіншісі», — деп жазған Ұларбек Нұрғалымұлы өзінің facebook парақшасында.



