Қоғам

«Үкімет қандастарға кедергі жасап, келімсектерге жасыл дәліз жасап отыр» — Мәжіліс депутаты

Өз бауырларымызға, барынша қатайтып, шектеу қоямыз. Ал өзге шетелдіктерге есікті айқара ашып, онлайн ЖСН үлестіруге дайынбыз.

Қазақстанда шетел азаматтарына бірқатар көші-қон қызметін смартфон арқылы онлайн рәсімдеуге мүмкіндік беретін QazETA мобильді қосымшасы әзірленіп жатыр. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеген бұл жаңалық қоғамда, әсіресе заң шығарушы билік өкілдері арасында үлкен қарсылық пен күмән тудырды. Заңнамалық түзетулер Сенат қарауына жолданғанымен, Мәжіліс депутаттары бұл бастаманың ел қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін айтып, дабыл қағуда, деп хабарлайды tiek.kz.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтуынша, Үкімет пен ІІМ-нің бұл қадамы мемлекеттік мүддеге мүлдем қайшы келеді.

Қазақстан шекарасын жылына шамамен 6,5 миллион адам кесіп өтеді. Алайда, олардың ішінде тек 128 мың адам ғана ресми түрде ықтиярхат (ВНЖ) алып, тіркелген. Қалған 6 миллион 350 мыңнан астам адам ешқандай тіркеусіз жүр. Олардың елде немен айналысып жатқанын қадағалайтын бірде-бір нақты цифрлық жүйеміз жоқ. Олар осында келіп, заңсыз такси жүргізеді, құрылыста, жеткізу қызметінде жұмыс істейді. Ең сорақысы — ешқандай салық төлемейді, әлеуметтік аударымдары жоқ болғандықтан, жұмыс берушілерге тиімді болып көрінеді. Осылайша, олар біздің азаматтарымыздың жұмыс орындарын тартып алып, жалақы деңгейін төмендетіп жатыр», — дейді депутат.

Бұдан бөлек, шетелдіктердің еліміздің әлеуметтік игіліктерін, соның ішінде тегін медицинаны еш кедергісіз пайдалануы үлкен шығынға әкеп соғуда. Депутат Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) жаңа басшысы жариялаған деректерді мысалға келтірді: тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде медициналық ұйымдар бірнеше айдың ішінде Ресей азаматтарын 3,5 миллиард теңгеге тегін емдеген.

«Неліктен біз өз азаматтарымыздың салығы мен жарнасынан жиналған ақшаға өзге елдің адамдарын тегін емдеуіміз керек? Түркия немесе Корея бізді тегін емдеп, балаларымызды тегін оқытып жатыр ма? Жоқ. Әр мемлекет бірінші кезекте ақшаны өз азаматтарына жұмсауы тиіс», — дейді ол.

Онлайн ЖСН — алаяқтық пен криминалға ашылған есік

Екі жыл бұрын Мұрат Әбенов шетелдіктерге ЖСН-ді (ИИН) онлайн режимде беруге тыйым салатын заңнамалық түзетулердің бастамашысы болған еді. Заң бойынша, Қазақстан шекарасын кесіп өтпеген, ел аумағына кірмеген адамға ЖСН берілмеуі тиіс. Себебі ЖСН алу — шетелдікке елімізде толық құқықтық қабілеттілік береді: ол банктерден есепшот ашып, қашықтан бизнес жүргізе алады.

Ендігі күні Ішкі істер министрлігі шетелдіктерге елге келмей-ақ, қосымша арқылы ЖСН алуға жағдай жасамақ.

«Министрлік бұл шешімді кімнің мүддесі үшін қабылдап отырғаны түсініксіз. Бұл адамдардың ертең банк шоттарын ашып, заңсыз операциялар мен алаяқтықпен айналыспасына ІІМ кепілдік бере ала ма? Бұл — ұлттық қауіпсіздікке, елдің экономикалық тұрақтылығына тікелей төнген үлкен қатер. Тіркеусіз жүрген миллиондаған адам қоғамда криминалдық және экономикалық қысым тудырады», — дейді депутат.

Депутат сонымен қатар, қазіргі уақытта Алматы облысында Пәкістаннан, Бангладештен және Африка елдерінен келген шетелдіктердің плантацияларда заңсыз еңбек етіп жатқанын өз көзімен көргенін айтып, ІІМ-нің бұл әрекетін ел мүддесіне жасалған қиянат деп бағалады.

Үкімет қандастарға  кедергі жасап, келімсектерге жасыл дәліз жасап отыр

Мұрат Әбеновтің жан айқайының тағы бір үлкен бөлігі — Үкіметтің өз қандастарымыз бен шетелдік мигранттарға деген екіұдай көзқарасы. Бүгінде Үкімет қабылдаған пилоттық жоба аясында елге оралатын қандастардың құқығы барынша шектеліп, олардың тек белгілі бір 6 өңірге ғана қоныстануына рұқсат берілген.

«Өз бауырларымызға, қандастарымызға келгенде талапты барынша қатайтып, шектеу қоямыз. Ал өзге шетелдіктерге есікті айқара ашып, онлайн ЖСН үлестіруге дайынбыз. Мысалы, Беларусьтен келген адам турист ретінде еш жерде тіркелмей, Астанада еркін жұмыс істей береді. Бұл қандай логика?»

Депутат шетелден, әсіресе Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан және Түркиядан келетін қазіргі қандастардың әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті. Олар дайын маман, білікті кадр және ел экономикасына қаржы құятын инвесторлар.

«Жақында Шымкентте болғанымда ірі зауыт салған үш қандасымызды жолықтырдым. Алматы облысында Қытайда білім алған бір қазақ қызы қазір сэндвич-панель шығаратын алып зауыт тұрғызып, 160 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар мемлекеттен ақша сұрамайды, өз инвестициясын салып, жұмыс орнын ашады, бюджетке салық төлейді. Олар — Пәкістаннан келіп қара жұмыс істейтіндерден мың есе тиімді кадрлар».

Зерттеулерге сүйенсек, елге келген әрбір ересек қандас мемлекетке жылына орташа есеппен 15 мың доллар көлемінде салықтық пайда әкеледі. Бүгінде елімізде 1,6 миллионнан астам қандас бар, олардың кейінгі ұрпақтарын қосқанда сайлаушылардың 25-30%-ын құрайды.

Осылай деп атап өткен депутат премьер-министр Олжас Бектеновке үндеу тастап, аталған мәселені жеке бақылауына алуды сұраған.

«Үкіметтің бұл шешімдері ел ішіндегі әлеуметтік наразылықты тудырып отыр. Өз азаматтарымыздың жұмыс орындарын шетелдіктер тартып алып жатса, ертең олар сайлауда билікке қалай сенім артпақ? Бөлек-бөлек шенеуніктердің өз басына келгенді істеуін тоқтатып, ортақ мемлекеттік, ұлттық мүддеге сай келетін көші-қон саясатын қалыптастыру керек. Уақытша келімсектерді қолдағанды қойып, өз қандастарымызды көбірек тартып, соларға жағдай жасауымыз қажет», — деп түйіндеді депутат.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button