Қоғам

«Оның бас сүйегімен шарап ішеміз»: ЕҰУ Кенесары ханға тіл тигізген қыздардың оқудан шығып кеткенін хабарлады

Кенесары ханға тіл тигізген қырғыз студенттерінің шуынан кейін Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ресми түрде түсініктеме берді. Екі бойжеткеннің осы оқу орнында 2025-2026 оқу жылының көктемгі семестрінде оқып, содан кейін Қазақстаннан кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ЕҰУ не дейді

Ресми түсініктемеде университет әлеуметтік желілерде Қырғыз Республикасының азаматшалары орынсыз әрі жол беруге болмайтын пікірлер айтқан бейнежазба таралып жатқанын атап өтеді.

“Бейнежазбадағы қыздардың бұған дейін Қ. Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетімен (БМУ) академиялық алмасу бағдарламасы аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде уақытша білім алғанын хабарлаймыз. Олар 2025-2026 оқу жылының көктемгі семестрінде оқып, содан кейін Қазақстаннан кеткен. Таралып жатқан мұндай пікірлерге жол беруге болмайтынын атап өтеміз. Өз кезегінде академик Қ. Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университеті ресми хат жолдап, таралған пікірлер студенттердің ойланбай айтқан жеке пікірі екенін және университеттің, оның басшылығының, профессорлық-оқытушылық құрамының немесе студенттерінің «ресми ұстанымын ешбір жағдайда білдірмейтінін» мәлімдеді”, – делінген хабарламада.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Қ. Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университеті хат жазып, студенттердің әрекеті үшін кешірім сұраған.

«Академик Қ. Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университеті атынан Сізден, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басшылығы мен ұжымынан, сондай-ақ қазақстандық әріптестерімізден туындаған жағдай үшін шын жүректен кешірім сұраймыз», – делінген жоғары оқу орнының ресми хатын келтірді ЕҰУ.

Университет студенттердің өз қателігін түсініп, кешірім сұрағанын және болған жағдайға қатысты көпшілік алдында түсініктеме бергенін атап өткен.

«Жекелеген жастардың ойланбай жасаған әрекетінен туындаған бұл жағдай университеттеріміз арасындағы берік әрі ұзақ мерзімді байланыстарға және қырғыз бен қазақ халықтары арасында дәстүрлі түрде қалыптасқан бауырластық қарым-қатынасқа әсер етпеуге тиіс деп сенеміз», – делінген БМУ үндеуінде.

Жоғары оқу орны жағдайды жан-жақты зерделеп, шара қабылдауға ниетті екенін мәлімдеген. Студенттер түсініктеме беру үшін шақырылған. Олардың университетте оқуын жалғастыруы және оларға қатысты ықтимал тәртіптік шаралар қолдану мәселесі қарастырылып жатыр.

Дау неден басталды

Бұған дейін Бішкектен Астанаға алмасу бағдарламасымен келген студенттердің онлайн эфирінен үзінді әлеуметтік желіде тараған. Онда қыздар Қырғызстанда «Кенесары ханның бас сүйегінен шарап ішетіні» туралы сөз айтқан. Эфирге қатысқан өзге адамдар бұл сөздерді бірден сынап, видеоны Қырғызстан елшілігіне жіберетінін жеткізген. Үзінді тарағаннан кейін Қазақстан мен Қырғызстанның әлеуметтік желі қолданушылары студенттердің сөзін айыптады.

Кейін студенттердің кешірім сұраған видеосы тарады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button