«Бомба», «террорист»: Көлік министрлігі ұшақ бортында айтуға болмайтын сөздер барын ескертті

Көлік министрлігі әуежай мен ұшақ бортында қауіп төндіретін сөздерді кейбір әзіл ретінде де айтуға болмайтынын түсіндірді, деп хабарлады tiek.kz.
Ведомствоның мәліметінше, күнделікті өмірде қалыпты қабылданатын кейбір сөздер авиация саласында қауіп белгісі ретінде бағалануы мүмкін. Олардың қатарында «бомба», «жарылыс», «террорист», «қару» және «ұшақты басып алу» секілді тіркестер бар.
Мұндай сөздер айтылған жағдайда экипаж немесе авиациялық қауіпсіздік қызметі оның әзіл не нақты қауіп екенін бірден анықтай алмайды. Сондықтан қауіпсіздік талаптарына сәйкес арнайы рәсімдер іске қосылады.
Оның аясында әуе кемесі мен жолаушылардың багажы қайта тексеріліп, арнайы қызметтер шақырылуы мүмкін. Қажет болған жағдайда жолаушылар эвакуацияланып, әуежайдың жекелеген аймақтарына кіруге уақытша шектеу қойылады.
Мұндай жағдайлар рейстің кешігуіне, экипажды немесе әуе кемесін ауыстыруға дейін алып келуі ықтимал.
Көлік министрлігі Алматы – Ақтау бағытындағы рейсте болған жағдайды мысалға келтірді. Жолаушылардың бірі «бомба» деген сөзді айтқаннан кейін авиациялық қауіпсіздік қызметі мен көлік полициясы жұмылдырылған.
Нәтижесінде ер адам рейстен түсіріліп, ұшақ шамамен екі сағатқа кешіккен.
Ведомство жолаушыларға әуежайда және ұшақ ішінде бомба, жарылғыш зат, қару, террорист, теракт немесе әуе кемесін басып алу туралы себепсіз сөз қозғамауды ескертті.
Мұндай мәлімдеме әзіл ретінде айтылған күннің өзінде қауіпсіздік қызметтері белгіленген тәртіппен әрекет етуге міндетті.
Сонымен қатар терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан заңнамасында қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Министрлік бір ғана орынсыз сөз жүздеген жолаушыға қолайсыздық туғызып, әуе компаниясы мен әуежайға қосымша шығын әкелуі мүмкін екенін еске салды.



