Мәдениет
Тренд

Мемлекет басшысы Кеңшілік Мырзабектің 80 жылдығына орай Қостанай жұртшылығына құттықтау жолдады

Қостанайда қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын әрі аудармашы Кеңшілік Ағытайұлы Мырзабектің туғанына 80 жыл толуына арналған «Іңкәр дүние» әдеби-сазды кеші өтті.

Ақынның 80 жылдығына арналған әдеби кешке қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтауын Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.

Президент өз құттықтауында Кеңшілік Мырзбекті қазақ поэзиясына айрықша қолтаңбасымен келіп, төл әдебиеттің дамуына елеулі үлес қосқан дарынды тұлға ретінде атап өтті.

«Кеңшілік Мырзабек – қазақ поэзиясына айрықша қолтаңбасымен келіп, төл әдебиетімізді дамытуға елеулі үлес қосқан дарынды тұлға. Оның сыршыл жырларында туған жерге деген сүйіспеншілік, ел тағдырына деген жауапкершілік және адам болмысының терең иірімдері шебер суреттелді. Ақынның азаматтық үні мен көркемдік ізденісі ұлттық сөз өнерінің өрісін кеңейтті», – делінген Президенттің құттықтауында.

Мемлекет басшысы ақынның шығармашылық мұрасын халқымыздың руханиятына қосылған құнды қазына деп атап, оның еңбектерін жинақтау мен жан-жақты зерттеудің маңыздылығына назар аударды.

«Кеңшілік Мырзабектің тағылымды мұрасы – халқымыздың руханиятына қосылған құнды қазына. Ақынның шығармаларын жинақтау, жан-жақты зерттеу – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді Мемлекет басшысы.

Құттықтауда Мемлекет басшысы сөз зергерінің есімі ел жадында сақталып, шоқтығы биік шығармалары халқымен бірге жасай беретініне сенім білдірді.

Кеңшілік Мырзабек 1946 жылы Жангелдин ауданының Ақшығанақ ауылында дүниеге келген. 42 жыл ғұмыр кешкен ақын қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, туған жерге деген сүйіспеншілікті, ел тағдырына жауапкершілікті және адам болмысын терең жырлады.

Қаламгердің «Іңкәр дүние», «Дүбірлі дәурен», «Сәруар», «Балалық шақ балладалары», «Дәуір – дастан» атты жыр жинақтары оқырманға кеңінен танылды. «Балалық шақ балладалары» жинағы үшін ақын 1987 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button