«Аманат» пен «Әділет» партиялары осы аптада съезд өткізеді

Жуырда ғана тіркелген «Әділет» партиясының екінші съезі 14 маусымда Астанада өтеді. Партия төрағасы Айбек Дәдебай қол қойған қаулыға сәйкес, жиында партияның даму бағыттары мен ұйымдық мәселелері талқыланады.
Ал биліктегі «Аманат» партиясы өзінің XXVI съезін 12 маусымға жоспарлаған. Әзірге оның күн тәртібі жарияланған жоқ. Кейбір қазақстандық БАҚ бұл съездер қарсаңында екі партияның бірігуі мүмкін деген болжам айтуда.
Мұндай пікірлер алдағы Құрылтай сайлауына байланысты күшейген.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров партия ішінде болашаққа қатысты түрлі ұсыныстар талқыланып жатқанын айтқан. Оның сөзінше, бір топ мүшелер президентті қолдайтын бірыңғай саяси блок құруды ұсынса, енді біреулері «Әділет» партиясымен күш біріктіруді қолдайды.
Еске салайық, Қазақстанда жаңа Конституцияға сәйкес бір палаталы парламент – Құрылтай құрылады. Оның құрамында 145 депутат болады және олар тек партиялық тізім бойынша сайланады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы 2026 жылдың тамыз айында өтетінін мәлімдеген.



