Президент Алатау қаласының даму жоспарымен танысты
Кеңес барысында Президент Alatau city жобасына зор үміт артып отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматы облысына барды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары Алатау қаласының даму жоспарымен танысудан басталды.
Қазіргі мәліметке сәйкес, жаңадан бой көтеретін Алатау қаласының аумағы 88 мың гектарды құрайды.
Алатау қаласы 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытылатын төрт арнайы аймаққа бөлінген. Сонымен қатар негізгі даму бағыттары мен экономикалық табыс көздері айқындалып жатыр. Магистралды инфрақұрылымды дамыту бойынша жол картасы іске асырылуда.
Қалада басқарудың жаңа моделін енгізуді көздейтін Конституциялық заң қабылданған. Бұл құжат Алатау қаласының ерекше әкімшілік құрылымын қалыптастыруға бағытталған.
Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізіп, сондай-ақ өңірдегі бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысанды аралады.
Кеңес барысында Президент Alatau city жобасына зор үміт артып отырғанын атап өтті.
«Өздеріңіз де білесіздер, жаңа қала салу туралы шешім экономикамызда күрделі жағдай болған кезде қабылданды. Бірақ біз бұл мәселеге байыппен қарадық. Асығыстыққа жол берген жоқпыз. Alatau city жобасы – шын мәнінде, жан-жақты зерделенді, пысықталды деп айтуға болады. Жалпы, әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, дәл осы болашақ қалаларын салу арқылы ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге зор мүмкіндік туады. Мысалы, Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон, тағы да бірқатар қаланың сәтті жобалар екені баршаға мәлім. Сол себепті біз де Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз. Бұл істе ең алдымен құқықтық сұрақтарды, жер және инфрақұрылым мәселелерін шешу қажет. Осы бастаманы іске асырудың бастапқы кезеңінде бірқатар негізгі бағытқа баса мән беруіміз керек», — деді президент.



