Спорт

Жалақыға қатысты даудан кейін Михаил Шайдоровты Ресейге шақырды

«Чемпионат» ресейлік басылымының журналисі Анастасия Рацкевич мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы, қазақстандық Михаил Шайдоровтың төңірегіндегі қалыптасқан жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports.kz.

«Қоғамдық резонансты ескере отырып, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері бұл мәселені тезірек жапқысы келетіні анық. Бірақ, сірә, бүкіл жағдай Михаилдың жаңа келісімшартындағы „міндеттемелер“ пунктіне байланысты туындаған сияқты. Мәнерлеп сырғанауда мұндай талаптар шынымен де таңқаларлық көрінеді — өйткені келесі Олимпиада арада тұп-тура төрт жыл өткен соң бір-ақ болады. 2030 жылға қарай не болатыны белгісіз. Спортшының жаңа сын-қатерге моральдық күш-қуаты жете ме, денсаулығы қалыпты бола ма, сол кездегі бәсекелестік қандай деңгейде болады — мұның бәрін алдын ала білу мүмкін емес. Сондықтан Шайдоровтың бұл пунктке қатысты таңданысы әбден орынды көрінеді.

Тараптардың бәріне бірдей тиімді жаңа келісімге келе алатынына сену ғана қалады. Ал Михаил өз мансабын еш алаңсыз жалғастыра алады. Тіпті болмаған күннің өзінде, біз өз мәнерлеп сырғанушыларын өте жақсы көретін бір елді білеміз. Спортшының дәл осы елдің аумағында жаттығу тәжірибесі де бар. Бірақ фигуристің өз сөзіне сүйенсек, Сочиде ол өзін әрдайым жайлы сезіне бермеген», — деп жазады автор.

Еске сала кетейік, Михаил Шайдоров журналист Тимур Балымбетовке берген сұхбатында ақпан айынан бері Спорт министрлігінен тиісті жалақысын және маусымға дайындықты ұйымдастыруға уәде етілген төлемдерді ала алмай жүргенін айтқан болатын.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button