Қазақтың той-томалағы ысырапшылық пен дарақылық ордасына айналып барады

Қазақстанда той-томалақ мәдениеті ысырапшылық пен дарақылық ордасына айналып барады. Бір кездері халықтың бірлігі мен қуанышын білдіретін дәстүр бүгінде мақтанқұмарлықтың, бәсекелестіктің және ақша шашудың алаңына айналды. Әлеуметтік желілердегі «люкс той» бейнелері жастардың санасын улап, көптеген отбасыны қарызға белшесінен батырып жатыр, деп жазады tiek.kz.
Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстандағы бір тойдың орташа шығыны 6 миллион теңге болады екен. Кейбір тойлардағы бір ғана торттың өзі ондаған миллион теңгеге бағаланған кездер болды. Мәселен, Шымкенттегі тойлардың бірінде құны 180 мың доллар (шамамен 90 миллион теңгеге) торт қойылғаны белгілі. Күллі елді шулатқан бұл торттың биіктігі 13 фут, салмағы 1,5 тонна болған. Торт механикалық ат пен арба қозғалатын сарай тәрізді жасалған
Сол секілді асаба, фотограф, декорация, қымбат тағамдар – бәрі бір-бірімен бәсекелесіп, отбасыларды қаржылық тұрғыдан сұмдық салмақ салып жатыр.
2024 жылғы Ұлттық статистика бюросының сауалнамасына қатысқандардың 34 пайызы қарыз алсаң да қатырып той жасау керек екенін айтқан. Түркістан мен Қызылорда облыстарында бұл көрсеткіш 50%-дан асып отыр. Шығыс Қазақстан облысында мұндай тойларды қолдаушылар небәрі 2,9 пайызды құраған. Дегенмен 60-дан астамы тойдың ауытпалы екенін әрі мұндай ысырапшылдыққа қарсы екенін білдірген. Бірақ соған қарамастан елімізде даңғаза той мен ысырапшылдық азаяр емес. Басты себеп — еліктеу мен мақтанқұмарлық тенденция болып отыр.
Мамандардың айтуынша, бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр:
- Әлеуметтік бәсеке: «Көршіден кем болмау», «Инстаграмға лайық той» үшін нақты табыстан асып түсетін шығындар жасалады.
- Мәдени құндылықтың бұрмалануы: Дәстүрдің мәні – қарапайымдылық пен береке емес, сән-салтанатқа айналды.
- Психологиялық қысым: Жастар «қалыпты» той жасалмаса, ағайын-туыс сөз қылады.
Мұның арты қарызға батқан қоғам қалыптастырып отыр. Көптеген жастар үйлену тойынан кейін жылдар бойы несие төлейді, яғни өзінің болашағын құрбан етеді.
Қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері бұл мәселені жылдар бойы көтеріп келеді. «Тойды хайп үшін жасамайық» деген бастамалар көтеріліп, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері 2-5 жылға тойларға мораторий жариялауды ұсынып көрді. Көршілес елдердің тәжірибесіне сүйеніп, Қазақстанда да заң жобалары талқылануда: үйлену тойына 150-250 адамнан, қыз ұзатуға 100 адамнан артық шақыруға шектеу қою, жерлеу рәсімдерінде ірі қара мал союға тыйым салу сияқты шаралар ұсынылуда.
Айтпақшы, «сол алты миллион теңгені тойға шашқанша, баспананың алғашқы жарнасына салайық» деген бастама да болды. Бірақ одан әзір нәтиже шыға қойған жоқ.



