Саясат
Тренд

Парламент атауы Құрылтай болып өзгереді: Заң қабылданды

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы екінші оқылымда қабылданды.

Құжат 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция нормаларын іске асыру үшін әзірленген.
Заңда бір палаталы Парламент — Құрылтайдың құқықтық негіздері, мемлекеттік билік жүйесіндегі орны, құрылымы, қалыптастыру тәртібі мен өкілеттіктері айқындалған. Жаңа заң шығарушы орган бес жылға сайланатын 145 депутаттан тұрады.
Құжатта депутаттардың құқықтары мен міндеттері, парламенттік көпшілік пен оппозиция құру тәртібі, сондай-ақ депутаттық әдеп нормалары бекітілген.
Сонымен қатар заң шығару бастамасы құқығы берілетін субъектілер қатарына Қазақстан Халық Кеңесі енгізілді. Заң Құрылтай мен Үкімет арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін де белгілейді. Атап айтқанда, Үкімет мүшелерін тағайындау бойынша консультациялар өткізу, олардың есептерін тыңдау және бюджетке қатысты депутаттық бастамаларға Үкіметтің үш ай ішінде қорытынды беру тәртібі қарастырылған. Құрылтай Президентке Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім береді.
Сондай-ақ Президент ұсынуымен Құрылтайға Жоғарғы сот судьяларын сайлау құзыреті беріледі. Заңда Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын қол сұғылмаушылық құқығынан айыру тетіктері де қарастырылған.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған бірлескен комиссия төрағасы Марат Башимов құжат жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында әзірленгенін айтты.

Оның сөзінше, заң жобасы Парламент депутаттары тобының бастамасымен дайындалған. Құжаттың негізгі мақсаты – Құрылтай қызметін құқықтық тұрғыдан реттеу және оның депутаттарының құқықтық мәртебесін айқындау.

Заң жобасы биылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ережелерін орындау аясында әзірленді. Парламент регламентіне сәйкес құжатты екінші оқылымға дайындау үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарынан тұратын бірлескен комиссия құрылды. Комиссия заң жобасын авторлар ұсынған редакцияда қолдау туралы қорытындыға келді, – деді Марат Башимов.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button