Қоғам

«Ресейлік «звездаларға» жатып төсек, жайылып жастық болуды қою керек» — журналист

Қазақстан нарығында жұмыс істейтін кез келген бренд жергілікті қоғамның көңіл-күйімен санасуға міндетті.

Әлеуметтік желідегі хейттен кейін Sen Sulu бренді ресейлік блогер Валя Карнавал түскен жарнамалық роликтерін өшіруге мәжбүр болды, деп хабарлайды tiek.kz.

Sen Sulu брендтің негізін қалаушы Айнұр Қабылдинова арнайы бейнежазба жариялап, тұтынушыларын кешірім сұрады. Айтуынша, Валя Карнавалды танымал, аудиториясы кең инфлюенсер болғандықтан таңдап алған.

«Басқа нарыққа шықса, өз тұтынушыларымызды ұмытып кетеміз деген сөз емес. Керісінше, бізді жақсы жағынан танығанын қалаймыз. Әртіс таңдағанда біз тек фактке назар аударамыз, бірақ енді біздің комьюнитидің пікірін, эмоциясын ескеру маңызды екенін түсінеміз», – деді Қабылдинова.

Еске салайық, косметика шығаратын отандық Sen Sulu бренді 15 мамырда жаңа кірпік бояуын таныстырған еді. Алайда жаңа өнімнің жарнамасына ресейлік блогер, әнші Валя Карнавалды шақыртылуы тұтынушылар арасында үлкен қарсылық тудырған. Пікір білдірушілер блогердің Ресейдің агрессиялы саясатын қолдайтын билікшіл әртіс екенін жазып, бойкот жариялады.

Журналист әрі қоғам белсендісі Дәурен Сейітхжанұлының айтуынша, бұл оқиға Қазақстандағы кәсіпкерлерге, маркетологтарға, әнші-блогерлерге үлкен сабақ болуы тиіс. Айтуынша, Қазақстан нарығында жұмыс істейтін кез келген бренд жергілікті қоғамның көңіл-күйімен санасуға міндетті.

«Қазақстандық beauty-брендтердің бірі Sen Sulu өз өнімдерін жарнамалау үшін ресейлік блогер Валя Карнавалды шақырып, роликтер түсіріп, фотосессиялар жасапты. Алайда көп ұзамай қазақ аудитория оның біздің халыққа деген көзқарасы дұрыс емес деп, әлеуметтік желіде жаппай сын айтып, бойкот жариялады.

Осыған Sen Sulu бірден реакция жасады. Валя Карнавал қатысқан барлық жарнаманы өшірді, кешірім сұрады. Мұнысы прагматикалық шешім болды ғой деп ойлаймын. Себебі бүгінгі заманда бизнестің абыройы оның қандай құндылықтарды қолдайтынымен де өлшеніп жатыр.

Бұл оқиға да Қазақстандағы кәсіпкерлерге, маркетологтарға, әнші-блогерлерге үлкен сабақ болған сияқты. Енді кез келген коллаборация жасар алдында танымал адамның саяси ұстанымын да, қазақ аудиториясы қалай қабылдайтынын да мұқият зерттейді. Өйткені қазір халықтың реакциясы — бренд тағдырын шешетін факторлардың бірі», — дейді журналист.

Сондай-ақ ол қазақтілді аудиторияның азаматтық позициясы күшейіп келе жатқанын айтады.

«Олар ұлттық намысқа, елдің имиджіне қатысты мәселелерде үнсіз қалмайды. Сондықтан Қазақстан нарығында жұмыс істейтін кез келген бренд жергілікті қоғамның көңіл-күйімен санасуға міндетті.

Меніңше, бұдан кейін біздің брендтер өзіміздің танымал әрі ел ішінде құрметі бар тұлғалармен көбірек жұмыс істеуге тырысады. Енді ресейлік “звездаларға” жатып төсек, жайылып жастық болуды біржола қояды-ау. Себебі сенім мен репутация жылдар бойы жиналатын капитал, ал бір қате шешім оны әп-сәтте жоқ қылуы мүмкін», — деп жазған журналист.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button