Мектеп бітіру кешін мейрамханада өткізуге тыйым салынды
Оқу-ағарту министрлігі арнайы бұйрық шығарды.

Елімізде мектеп бітіру кештерін қымбат мейрамханалар мен табиғат аясында өткізуге тыйым салынды, деп хабарлайды tiek.kz.
Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады.
Сондай-ақ, ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді.
«Ал аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады, — делінген министрлік хабарламасында.
Бірлескен бұйрық білім алушылар арасында мектеп бітіру іс-шараларын өткізу кезіндегі қауіпсіздік пен қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» идеологиясын нығайтуды көздейді.
Еліміздің барлық мектебінде 2025–2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде екі жүз он бес мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.



